Биыл отандық 70 компания Alibaba платформасына шығарылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл тағы 70 отандық компания Alibaba платформасына шығарылады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік шағын және орта бизнес үшін электрондық коммерция нарығына қолжетімділікті жеңілдету үшін ынтымақтастыққа және бірлескен жұмысқа дайын. Біз олардың мол тәжірибесін пайдалана отырып, өз күш-жігерімізді қазақстандық кәсіпорындарды цифрлық нарыққа шығаруға бағыттаймыз. Экспорттаушыларды қаржылық емес қолдау құралдарының бірі - отандық экспорттаушыларды Alibaba.com электрондық платформасына шығару», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Жалпы, оның дерегінше, 2020-2022 жылдары Alibaba платформасына 220 компания орналастырылды. Платформада орналасқан компаниялар үшін шағын сайттар құрылады. Платформада жұмыс істеу және өз тауарларын жылжыту үшін оқыту вебинарлары өткізіледі.

«Аталған кезеңде бағдарламаға қатысушылардың жиынтық сату көлемі шамамен 225 млн АҚШ долларын құрады. Биыл біз алтын аккаунттар ұсын жұмысын жалғастырамыз және тағы 70 компания аталған мүмкіндікке ие болады», - деді Қайрат Төребаев.


Соңғы жаңалықтар