Биыл орман өрттерінен 560 млн теңге шығын келді - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде орман өрттерінен келген шығын көлемі 560 млн теңгеден асып жығылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, 2019 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 73 515,61 гектарды шарпыған 628 орман өрті тіркелген. Келген шығын 563,5 млн теңгені құрайды. Ең ірі өрт Жамбыл (40,9 мың гектар), Түркістан (24 мың), Қарағанды (2,7 мың), Павлодар (2,3 мың) облыстарының орман және табиғатты қорғау мекемелерінің аумақтарында болған.

«Министрік (ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі) орын алған ірі орман өрттері бойынша қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы өрттердің таралуының негізгі себебі дала өрттерінің мемлекеттік орман қорлары жеріне өтуі, орман күзетінің техникамен және құралдармен әлсіз жарақтандырылуы екендігін көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда орман өрттерінің саны 1,7 есеге (358-ден 628-ге дейін), орман өрттерінің ауданы 2,2 есеге (162,6 мың гектардан 73,5 мың гектарға дейін) қысқарды», - деп атап өтеді ол.

Сәкен Ділдахметтің айтуынша, биыл облыстық әкімдіктердің орман шаруашылығы құрылымдық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен табиғатты қорғау мекемелерінің қатысуымен өрт қаупі жоғары маусымға дайындық жүргізілген. Орман өртіне қарсы күрестегі өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, техникалар, құралдар, бақылау нысандары жөнделген. 452,5 тонна бензин, 508,6 тонна дизель отыны дайындалған.

«Шағын ауданда орман өрттерін дер уақытында анықтау және жою мақсатында республиканың 8 облысында (Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары) 8 млн 869 мың гектарға немесе мемлекеттік орман қорының 30 пайыз аумағына авиашолғындау жүзеге асырылды», - деді комитеттің баспасөз хатшысы.

Фото: Сакен Дилдахмет

Соңғы жаңалықтар