Биыл оңтүстікте 30 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 62 мыңнан астам адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2019 жылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында 62 мың 386 адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. 42 мың 612 адам жұмысқа орналасып, оның ішінде 30 мың 328-і немесе 71% тұрақты жұмысқа тұрды.

«Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Түркістан облысында 2 мың 844 адам оқуға жіберілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді» делінген хабарламада.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті - азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және олардың зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында микрокредит алушылар кәсіпкерлік негіздерін оқиды.

Түркістан облысында микрокредиттеумен 940 адам, оның ішінде қалаларда – 41, ауылдарда – 899 адам қамтылды. Мемлекеттік гранттарды 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік бағдарламаның 101 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде – 498 адам (жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер) алды.

Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындарын құруды көздейді. Оны жүзеге асыру аясында Түркістан облысында 13 мың 973 адам, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 4 мың 333 адам, қоғамдық жұмысқа 4 мың 308 адам жұмысқа орналастырылды, жастар практикасына 5 мың 332 адам тартылды.


Соңғы жаңалықтар