Биыл Нұр-Сұлтанда 350 га аумаққа ағаш отырғызылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев биыл елорда аумағында 350 га аумаққа ағаш отырғызылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бүгінге дейін 1 миллионға жуық түп ағаш отырғызылған. Жапырақты және қылқанды ағаштардың 2018 жылы 19 мың түбі, 2019 жылы 114 мың түбі егілді. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Қалада қазір саябақтардың саны өсіп келеді. Биыл арнайы 50 қоғамдық орын салынуда. Халық демалатын ондай орындарда да ағаш түптері күзде және көктемде егіледі. Жылдан жылға бұл жұмысты арттырсақ дейміз. Ең басты бізді қуантатыны – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен егілген жасыл белдеу – бүгінгі күні мақтанышымызға айналып отыр», - деді Алтынбек Қайсағалиев «ASTANA TV» телеарнасындағы Elorda live-та берген сұхбатында.

Оның айтуынша 1998 жылдан бастап астананы қоршай егілген қалың орман қазір қаланы бір жағынан желден қорғаса, екіншіден ауаны тазартып тұрады.

«20 жылдан бері отырғызылған ағаш түптері тоғайға айналды. Артынша бұл аумақты туристер келіп демалатын орынға айналдырмақпыз. Ағаш егілген 15 мың гектар аумақ – Нұр-Сұлтан қаласының өкпесі деп айтуға болады. 98 пайызы – жапырақты ағаштар. Биыл тағы 350 гектарға ағаш отырғызылады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар