Биыл мұнай өндіру көлемі жоспардан асуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның мұнай өндіру жоспарын асыра орындау мүмкіндігі бар. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылы жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 89 млн тоннаны құрайды. Жыл басынан бергі 9 айдың ішінде мұнай өндіру көлемі 67 млн тоннаны құрап, жоспардың орындалуы 101,7 пайызға жетіп отыр. Оның ішінде үш ірі жобаның үлесі 40,6 млн тонна болды. Атап айтқанда, Қашағанда – 10,1 млн тонна, Теңізде – 22 млн тонна, Қарашығанақта – 8,5 млн тонна өндірілді», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, биыл Қашаған мен Теңізде жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.

«Осы жылғы 15 қыркүйектен бастап Қарашығанақтың негізгі өндірістік нысандарында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өндіріс толығымен тоқтатылды. Жөндеу жұмыстары 13 қазанға дейін жалғасады. Жөндеу жұмыстары өңдеу кешеніне, газды кері айдау компрессорларына және газды дайындау қондырғыларына жүргізіліп жатыр. Ол белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс. Мұнай өндіру көлемін 89 млн тоннадан асыруға мүмкіндік бар», - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Соңғы жаңалықтар