Биыл менингококтан 3 адам көз жұмды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде қазіргі уақытта менингококк инфекциясын жұқтырған 22 адам ем алу үстінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көптеген инфекция бойынша елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мысалы, жыл басынан бері 4 айдың ішінде инфекцияның 10 түрі бірде-бір мәрте тіркелген жоқ. Атап айтқанда оба, күйдіргі, іш сүзегі, паратифтер, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, трихинеллез, висцералды лейшманиоз, құтырма ауруы тіркелмеді. 7 инфекция - туляремия, қызамық, кене вирусты энцефалиті, паротит, безгек, тері лейшманиозы, альвеококкоз ауру жағдайы бірлі-жарым жағдайлары тіркелді», - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, 13 инфекция түрінің деңгейі төмендеген.

«Алда жаз келе жатыр. Сол себепті, ішек инфекция аурулары - басты мәселе екені сөзсіз. Бұл инфекциялар 19,5 пайызға, сальмонеллез аурулары 30 пайызға, туберкулез аурулары 11 пайызға, тұмау 11 пайызға, жел шешек 32 пайызға, вирусты гепатиттер 2,5 есеге төмендеді. ЖРВИ 10 пайызға азайды. Десе де қазіргі таңда біз менингококк инфекциясына мән беріп жатырмыз. Былтыр мамыр мен маусым айында осы аурудың өршуі Алматы қаласы мен Алматы облысында байқалған еді. Былтырмен салыстырғанда менингок ауруына шалдығу жағдайы 3 есеге төмендеді. Бүгінгі күні елімізде менингококк инфекциясының 22 жағдайы тіркеліп отыр», - дейді ол.

Бас санитардың айтуына қарағанда, былтыр менингококтан былтыр 12 адам көз жұмған. Ал жыл басынан бері бұл дерт үш адамның өмірін жалмап кеткен.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша елімізде алдын алу шараларын қолға алып жатырмыз. Ұсыныстарға сәйкес, менингококтың 540 жағдайы тіркелген кезде ауқымды алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек. Бірақ, бізде 22 жағдай ғана тіркелсе де, алдын алу жұмыстарын қолға алдық. Неге десеңіз бұл қауіпті ауру. Былтыр да оның өршуі Рамазан айына дөп келген еді. Қазір көптеген азаматтар мешітке барады. Біздің ұсыныстарымыз - тұмау белгілері болса - үйде қалғаны жөн. Себебі, инфекциялық аурулар ауа арқылы да таралады. Ал біз имамдарға мешіттердің ішін желдетіп тұру керектігін ескертеміз», - деді Жанданбек Бекшин.

Соңғы жаңалықтар