Биыл мемлекеттік гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы тығыз орналасқан елдімекендердің жастары үшін арнайы мемлекеттік грант бөлінеді. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 11 сәуір мен 13 мамыр аралығында педагогика мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер Ұлттық біліктілікті тестілеудің бірінші кезеңінен өтті. Осы жылы 50 университеттен 52 мыңнан астам студент педагогика мамандықтарын меңгеріп шығады. Аталған студенттердің ішінде 33 мыңнан астамы Ұлттық біліктілік бойынша тестілеуден өтті. Студенттердің орташа көрсеткіші 45 балды құрайды. Мамандықтарға келсек, ең төменгі көрсеткіш құқық негіздерінде – 30 балл, биология – 40, еңбек және дене шынықтыру – 40 балл», - деді Қуаныш Ерғалиев министрлікте өткен аппараттық жиналыста.

Министрдің орынбасарының айтуынша, 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 88 мыңнан асып түспек.

«Оның ішінде бакалавриат - 73 мың, магистратура - 33 мыңнан астам және докторантура - 1890 орын. Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант немесе 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Сонымен қатар 10 мың грант Атырау мен Маңғыстау облыстарының тығыз орналасқан елдімекендерінің жастарына қарастырылып отыр. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді. Одан бөлек, 490 грант шетел азаматтарына беріледі. Оның ішінде 150 грант Орталық Азия елдерінің азаматтарына арналады және 100 грант Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің түлектеріне қаралған», - деді ол.

Бұған дейін вице-министр ЖОО түлектерін еңбекпен қамту жөніндегі комиссияның жұмысын сынға алған еді.


Соңғы жаңалықтар