Биыл медициналық сұйық қалдықты кәдеге жаратуды реттейтін қағида әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың соңына дейін халық арасында медициналық сұйық қалдықты кәдеге жарату және медициналық қалдықты қауіпсіз жинау тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер әзірленеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта министрлік Азия даму банкі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасының қаржылық қолдауымен «Медицина персоналының әлеуетін арттыру және COVID-19 жағдайында медициналық қалдықтармен жұмыс істеудің тұрақты жүйесін құру» жобасын іске асыруға қатысуда. Жоба компоненттерінің бірі «Медициналық қалдықтармен жұмыс істеу саласында нормативтік құқықтық актілерді, нұсқамалар мен стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеу» іс-шарасы болып табылады», - деді Алексей Цой.

Оның атап өтуінше, медициналық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы олқылықтарды ескере отырып, осы іс-шараны іске асыру аясында жұмыс тобы халықаралық сарапшылардың қатысуымен осы жылдың соңына дейін халық арасында сұйық медициналық қалдықты кәдеге жарату және медициналық қалдықты қауіпсіз жинау тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ медициналық қалдықтардың пайда болу нормативтері жобаларын әзірлеуді жоспарлауда.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Экологиялық кодекстің жобасы аясында медициналық қалдықтарды реттеу бойынша құзыретті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беру мәселесінің қаралуына байланысты оның жоғарыда аталған нормативтік құқықтық актілерді бекіту бойынша құзыретін айқындауды орынды деп санаймыз. Министрлік жүргізіп жатқан жұмыс медициналық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ қалдықтарды заңсыз орналастырумен байланысты төтенше жағдайлардың туындауын барынша азайтуға бағытталған», - деді Денсаулық сақтау министрі.


Соңғы жаңалықтар