Биыл Маңғыстауға 220 мың турист келген

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысына келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Аймаққа биыл 220 мың саяхатшы келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сұхбат берген Маңғыстау облыстық туризм басқармасының басшысы Өркен Бисақаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2017 жылы Маңғыстау облысына 205 904 турист келген. Бұл 2016 жылға қарағанда 7 пайызға көп. 205 904 саяхатшының 177 178-і - ел азаматтары. 28 726 адам шетелден келген. Ал биыл туристер саны 220 мың болды. 

Ведомство басшысының сөзінше, 2020 жылға дейін аймаққа ат басын тірейтін қонақтардың саны 400 мыңға дейін өседі, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 700 мыңнан асатын болады.

«Осыған байланысты 7-8 мың орындық қонақ үйлер салынады. Қазіргі таңда облыста 82 қонақүй бар, оның ішінде «3-4-5 жұлдызды» 16 қонақ үй жұмыс істеп тұр»,-деді Ө.Бисақаев.

Қонақ үйлер мен басқа да туристік нысандардың құрылысына қажетті инвестицияны қамтамасыз үшін 5 жылға арналған жоспар құрылып жатыр. Жергілікті билік Каспий жағалауы бойымен Ақтау қаласынан Құрық портына дейін жағажай туризмін дамытпақшы. Аумақтың ұзындығы - 63 шақырым. Жасалып жатқан туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасына жетіспейтін электр қуатымен, сумен, газбен қамту, сонымен қатар қолданыстағы жолды төрт жолаққа дейін кеңейту құрылыстары бойынша жобалар енгізілді. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 2019-2020 жылдарға 27 миллиард теңге қаражат бағыттау жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар