Биыл Маңғыстауда Каспий теңізі жағалауындағы жолдар жөнделеді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Маңғыстау облысында автомобиль жолдары саласында 20-ға тарта жоба жүзеге асырылады. Ол қазақстандықтарға танымал демалыс аймақтарына кедергісіз жетуге мүмкіндік беріп, өңірдегі туристік кластерді дамытуға септігін тигізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, облыста жергілікті маңызы бар жолдарды салу, қайта жаңарту және орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, өңірде республикалық жолдар жөнделуде. Мәселен, Ақтауда «МАЭК» су жинағышынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автожол жаңартылып жатыр. Қазір жобаның 5 кезеңінің үшеуі аяқталуға жақын. Жол Каспий теңізі жағалауы бойында жатқандықтан, өңірдегі туристік сала үшін маңызы зор.

Бұдан бөлек, биыл «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала», «Шетпе – Қызан» жолдарында қайта жаңарту, Ақтауда Өмірзақ елдімекенінен Жылы жағажайына дейінгі автожолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, 2020 жылы Маңғыстау облысында автомобиль жолдары саласында іске асырылатын жобалардың біраз бөлігі өңірдің елдімекендерін байланыстыратын жергілікті маңызы бар жолдарды орташа жөндеуден өткізуге бағытталған.

Осылайша, «Қызан – Ақшымырау», «Шетпе – Тиген – Қызан» жолының 0-21 шақырымы, «Форт-Шевченко-Таушық-Шетпе» жолының 0-91 шақырымы, «Маңғышлақ станциясы – Карьер – 400» жолының 0-5,6 шақырымы, «Жаңаөзен – Құланды» жолының 0-4,1 шақырымы жаңартылады.

Сонымен қатар, Ералиев, Жаңаөзен станцияларына, Жаңаөзен қаласына, Шайыр елдімекеніне, Оңды елдімекеніндегі лагерьге, Жармыш елдімекеніне, Сыңғырлау, Қызылөзен, Таушық кенттеріне кіретін жолдар жөнделеді.

Жалпылай алғанда, биыл жолшылар өңірдегі облыстық және жергілікті маңыздағы жолдардың шамамен 150 шақырымын жөндейді.

Сондай-ақ, өңірде республикалық маңызы бар «Доссор-Құлсары-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау порты» жолының 312,6-332,6 шақырымын орташа жөндеуден өткізу көзделген.

Маңғыстау облысы жергілікті жолдардың сапа көрсеткіші бойынша ел өңірлері арасында көш бастап тұрғанын айта кету керек.

Мұнда жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы - 1928 шақырым. Бұл жолдардың 93% – жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.










Соңғы жаңалықтар