Биыл Маңғыстауда Амал мерекесі халықаралық деңгейде ұйымдастырылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудың Отпан тау баурайында Амал мерекесі аясында «Ұлыстың ұлы күні: тарихи тағылымы мен жаңа көзқарастар» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Мазмұны бай маңызды іс-шараға алыс-жақын шет елдерден арнайы келген мамандар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосудағы басты мақсат Амал мейрамы мен «Отпан тау» сәулет кешенінің өлкедегі тарихи болмысын айшықтау, маңызын талқылау, түбі бір түркі халықтарының танымындағы мәнін саралау болды.

Ата ғұрып, салт-дәстүр дәріптелген дөңгелек үстелге Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген тарихшы-ғалымдар қатысты. Мұхаммед Физули атындағы Әзербайжан ұлттық ғылым академиясы қолжазбалар институтының ғылыми қызметкері, доцент және профессор Незакет Меммедли әзербайжан халқы жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағын жыл басы деп әспеттейтіндігін айтты.

Сондай-ақ от киесіне тәу етіп, кесапат-кесел мен жамандық атаулыдан аластар қасиетіне сенім білдіргендіктен, әзербайжандықтар үшін Наурыздың айрықша нышаны алаудан аттап секіру екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, көршілес мемлекетте мереке қарсаңында бақилық болғандар рухына құран бағышталып, қыздарға сыйлықтар табысталады. Наурыз мейрамында дәстүрлі әндер орындалатындығын жеткізді.

Түркиядағы «Байрам Вели» университеті және «Қажы Бекташ Вели» зерттеу орталығының директоры Ахмет Ташғын бала күнінде Амал мерекесінің тойланғанына куә болғандығын айтады.

«Амал мерекесі жайлы «қайдан шықты, не үшін ойлап табылды?» деген сұрақтар мені де қызықтырды. Мереке тарихын зерттеген кезде түрік және қазақ елі мәдениетінің түбі бір екендігіне дәлел болады екен. Жаһандану үдерісі кейбір ұлттық салт-дәстүрлерімізді жадымыздан өшіріп тастағандай күйдеміз. Біз бұл салтты, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпаққа өнеге етуіміз керек. Ауызбірлігіміз бен тұтастығымызды сақтап, рухани жаңғыру даңғылына түсуіміз сондай маңызды»,- дейді Түркия елінен келген профессор Ахмет Ташғын.

Жиында ақын Сабыр Адай түркі елдерінің тарихын тереңнен зерделеу үшін өткенді тану, тарихи жадымызды жаңғырту маңызды екені жөнінде ой сабақтады.

«Өткен тарихты сақтаймыз. Бірақ біз алға жылжу үшін, ұлттың жетекші қайраткерлерін қалыптастыру үшін ұлттық рухымызды жігерлендіруіміз қажет. Иә, рухымыз қанша жыл бойы шөлдеді. Бүгінде Амал мерекесіне сүйеніп, соның арқасында ағайынды табыстырдық. Тарихты толғау, баяндау - біздің парызымыз. Бұл жердегі көк күмбезді кесененің айтулы мағынасы бар. Төрт құбыласы түгел қазақ елі, бүкіл әлемді шарлап, білім алсын, бірақ бүкіл жиналған ілімін көк күмбезіне, яғни ортаға жисын деген мағынада салдырдық. Кез-келген салт-дәстүр, ата-бабамыздан қалған қағидалар сайып келгенде, ата жұртты және атамекенді сақтап, келесі ұрпаққа аманаттаудың амал-әдістерінің жиынтығы. Сондықтан, біз осының бәріне ие болып қалуымыз қажет», - деді Сабыр Адай.


Соңғы жаңалықтар