Биыл Маңғыстауда 7 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді

Фото: None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Оның ішінде 7114 оқушы мемлекеттік жалпы орта мектепті аяқтағалы отыр. Бұл жайында облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім бөлімінің басшысы Клара Құлатаева қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, түлектер 27 мамыр – 10 маусым аралығында 5 пәннен (алгебра, қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы, таңдау пәні) өз мектебінде қорытынды аттестациядан өтеді.

Жоғары оқу орындарына түсу үшін түлектер ҰБТ тапсырады.

- ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, мамыр-маусым, тамыз). Мамыр-маусым айынан бөлек қалғаны ақылы түрде өтеді. Мемлекеттік білім грантына конкурсқа қатысу үшін тегін тестілеу мамыр-маусым айында өткізіледі. Тестке өтініш қабылдау 28 сәуірде басталды, 14 мамырда аяқталады деп жоспарланған. Өтініш ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданып жатыр,-деді Клара Құлатаева.

ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеде аяқталады. Форматы және пәндер саны бойынша ешқандай өзгеріс жоқ (3 міндетті: математика, оқу сауаты, Қазақстан тарихы; 2 бейінді пән).

Талапкерлер биыл мемлекеттік грантқа ілігу үшін екі рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік алды.

Абитуриент осы екі тест нәтижесінің бірін алып, конкурсқа қатыса алады. Алайда, таңдау пәндерін ауыстыруға болмайды.

Сондай-ақ, биылдан бастап ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Онымен қоса, бұл түлектер үшін суретсіз, диаграммасыз, схемасыз тест сұрақтары әзірленген.


Соңғы жаңалықтар