Биыл Маңғыстау облысында 238 шақырым жол жөнделеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Маңғыстау облысында 238 шақырым жол жөнделеді. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономикалық өсім өңір инфрақұрылымына да тікелей байланысты. Оның ішінде автомобиль жолдары өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала. 2022 жылы автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп, 48 шақырым жолға асфальт төселді. Бұдан басқа, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстары жүргізілді», - деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының нормативті жағдайы 96 пайызды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда тұр.

«Биыл 238 шақырымды қамитын 13 жобаны іске асыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жылда көзделген жұмыстардың нәтижесімен жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97 пайызға көтеру қамтамасыз етілетін болады», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар