Биыл мақта егу азайып, күнбағыс пен қызылша алқабы ұлғаяды – АШМ

None
Фото: agronom.com.ua
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы мен қандай дақылдар егілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес 2023 жылғы егіс алқаптарының болжамды құрылымы жасалды.

Мәселен, биыл жалпы егіс алаңы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық.

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын – 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын – 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алқап көлемі шамалы қысқаруы мүмкін», - деді Әбілхайыр Тамабек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқабын 30,8 мың гектарға, көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын – 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.

«Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келсек, биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңын 14,8 мың гектарға азайту болжанып отыр, ол 111,4 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ, Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту тапсырмасына қарамастан, күріш алқабын өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғаюы байқалады», - деді вице-министр.

Спикердің айтуынша, жалпы, астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарық қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар