Биыл Қызылордада мал ұрлау дерегімен 30 қылмыстық іс сотқа жолданған

Фото:
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл мал ұрлау дерегімен сотқа 30 қылмыстық іс жолданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде биыл 6 ай көлемінде мал ұрлығы төмендеген.

30 іс бойынша 68 мал басының 34,8 млн теңге көлеміндегі шығыны жәбірленушілердің пайдасына өндірілді.

«Алғашқыда мал ұрлау дерегімен тіркеліп, кейіннен полиция қызметкерлері жүргізген жұмыстың нәтижесінде малы табылған азаматтар бар. Осының нәтижесінде 98 мал жәбірленушілерге қолхат арқылы қайтарылған. Қараусыз жүрген мал иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 408-бабымен әкімшілік шара қолдандық. Ал ветеринария қызметінің тиісті құжатынсыз мал немесе ет өнімдерін тасымалдаған 62 тұлға аталған кодекстің 406-бабымен жауапкершілікке тартылды. Өңірде қалыптасқан жедел ахуалды ескере отырып, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған түсіндірме ақпарат әзірленді. Қылмыстың өсім алған түрлеріне тосқауыл қою мақсатында алдын алу профилактикалық жұмыс күшейтіліп жатыр», - дейді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада төлем қабылдайтын 3 терминалды ұрлаған жігіт ұсталды.


Соңғы жаңалықтар