Биыл Қызылорда қаласында Темірбек Жүргеновтің ескерткіші бой көтереді

None
Фото: kk.wikipedia.org
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстандағы мәдениет, әдебиет саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толады. Тарихи тұлғаның мерейтойын атап өту мақсатында Үкімет жалпыреспубликалық жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына дайындық және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспары бекітілсін. Жарты жылдың қорытындысы бойынша 2023 жылғы 20 маусымнан және 20 желтоқсаннан кешіктірмей ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жалпыреспубликалық жоспардың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын. Министрлік 2023 жылғы 25 желтоқсаннан кешіктірмей ҚР Үкіметінің Аппаратына жалпыреспубликалық жоспардың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат ұсынсын», - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында жарияланған Үкімет қаулысында.

Жоғарыда көрсетілген жоспарға сай, жыл соңына дейін ел бойынша 80-ге жуық мәдени іс-шара мен ғылыми конференциялар өтеді. Бұған қоса, отандық телеарналардан тұлғаның өмірі мен еңбегіне арналған деректі фильмдер көрсетіп, басылымдарда мақалалар жариялау жоспарған.

Сонымен қатар, құжатта көрсетілгендей, биыл қарашада Қызылорда қаласында Темірбек Жүргеновтің ескерткішін орнатылмақ. Оған 98 млн теңге бөлінбек.

Өткізілетін іс-шаралардың жоспарын мына сілтеме бойынша өтіп, көруге болады.

Еске сала кетейік, 2023 жыл - түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар