Биыл Қытайдың қорғанысқа жұмсайтын шығыны 200 млрд доллардан асады
«Ұлттық қорғанысқа жұмсалатын шығын 1,355 триллион юаньға жетіп, 6,8%-ға өседі», -делінген баяндамада.
Еске сала кетейік, 2020 жылы ҚХР-дың қорғаныс бюджеті 6,6%-ға (1,26 трлн юаньға дейін), ал 2019 жылы 7,5%-ға (1,19 трлн юаньға дейін) ұлғайған болатын.
Бұл ретте 2021 жылы сыртқы саяси қызметке жұмсалатын шығындар 1,9% -ға, яғни 50,414 миллиард юаньға (шамамен 7,76 миллиард доллар) дейін азаяды, ал қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығындар 0,7% -ға, яғни 185,092 миллиард юаньға (шамамен 28,5 миллиард доллар) дейін өседі.
Жалпы алғанда, орталық бюджеттің жеке шығындары 3,5 трлн юаньды (шамамен 539 млрд доллар) құрайды, бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан 0,2%-ға төмендеген.
Бұған дейін Бейжіңде 13-ші сайланған Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының (БХӨЖ, парламент) төртінші сессиясы ашылғаны хабарланған болатын.