Биыл Қорғалжын қорығына 2,5 мыңнан астам турист келді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қорғалжын ауданының туризмді дамытуға әлеуеті жетеді. Қарасаң көз тоймайтын кестелі көркем табиғат аясы экологиялық туризмнің бірегей ошақтарын ашуға сұранып-ақ тұр. Қорғалжын қорығы мен аталмыш ауданды туристер үшін тартымды ету тұрғысындағы жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, Қорғалжын ауданының аумағында ЮНЕСКО-ның табиғи мұраларының тізіміне енген Қорғалжын қорығы бар. Аталмыш табиғат қорғау аумағының басты ерекшелігі - құстардың жаһандық миграция бағытының түйіскен жерінде орналасуы. Бұл - Қазақстандағы және бүкіл Еуразия құрлығындағы жыл құстарының маңызды сулы-батпақты жері. Қорықтың басты байлығы да - осы құстар. 

«Қорықта еліміздің Қызыл кітабына енгізілген құстың 32 түрі кездеседі. Осы орнифауна арқылы қорық әлемге әйгілі болып отыр. 1976 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Рамсар конвенциясына сәйкес, әлемдік маңыздағы сулы-батпақты жерлер қатарына жатқызылған. Теңіз көлі - әлемнің нағыз бірегей көлдері кіретін «Тірі көлдер» халықаралық желісіне қосылған еліміздегі жалғыз көл. 2007 жылы аталмыш табиғат қорғау аумағының қорықтық көлдері «Әлемнің басты орнитологиялық аумақтары» тізіміне қосылған. 2012 жылы ЮНЕСКО аталмыш қорықтың Қазақстандағы алғашқы биосфералық резерват екенін мойындады», - деді Д.Идиятов.null 

Сонымен қатар, ол Қорғалжын ауылында 6 қонақүй барын, онда бір мезетте 100 адам қабылдауға болатынын атап өтті. Қорғалжын қорығының әкімшілік ғимаратында 2009 жылдан бері заманауи визит-орталық жұмыс істейді. Оған жыл сайын 3 мыңнан астам адам келіп-кетеді. Биылғы тоғыз айда визит-орталыққа 2512 адам келіп, 453 саяхат ұйымдастырылған. Ал, қорық аумағында барлығы 140 саяхат ұйымдастырылды.

«Статистикалық деректерге қарағанда, ағымдағы жылдың 6 айында көрсетілген қызметтің көлемі 2508,2 миллион теңгені құрады. Барлығы 142 мың адамға қызмет көрсетілген. Биылдан бастап елімізде жалғыз орнитологиялық орталық жұмыс істей бастады. Бұған қоса, туристерді тарту мақсатында «Қоқиқаз» республикалық фестивалі, Нұра өзенінде рафтинг және спорттық балық аулау сияқты шаралар өткізіліп келеді. Жалпы, орнитофаунаға бай Қорғалжын ауданының туризмді дамыту әлеуеті зор. Бұл бағытта 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде», - деп қорытындылады Д.Идиятов. 

Соңғы жаңалықтар