Биыл конкурсқа қатысқан мүгедек және жетім балаларға түгел грант берілді - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын мүгедектігі бар талапкерлер мен жетім балалар толық мемлекеттік грантпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мемлекеттік грант алу үшін 79 мыңнан астам талапкер өтініш жолдады. Оның басым көпшілігі оңтүстік өңірлерден келіп түсті. Жеңімпаздарды анықтау арнайы ережеге сәйкес жүргізілді. Алдымен ҰБТ-да алған балл анықталады. Сондай-ақ, Үкімет қаулысына сәйкес, жеңілдік алуға құқылы адамдар ескерілді. Бұл орайда ұпайлар тең болған кезде, басымдық «Алтын белгі» иегерлеріне, республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына берілді. Биыл жоғары оқу орындарына түсетін жетімдер мен мүгедектігі бар адамдар толық мемлекеттік білім гранттарымен қамтамасыз етілді», - деді Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты ведомствоның өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін құзырлы орган ҰБТ тапсыру барысында заң бұзушылыққа барған талапкерлердің гранты жойылатынын мәлімдеген еді.


Соңғы жаңалықтар