Биыл «Қолжетімді баспана» бойынша 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында 6,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында сөз сөйлеген Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлім етті.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен жұмыс жалғасады. 2013 жылы 6,6 млн. шаршы метр, ал 2014 жылы 7 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерді пайдалануға беруді жоспарлаймыз. Осылайша, 2020 жылға қарай аталмыш бағдарламада жоспарланған жылына 10 млн. шаршы метр баспананы беруді қамтамасыз етеміз», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін де кешенді шаралар қабылданатынын алға тартты. С. Ахметовтің айтуынша, «Агробизнес-2020» аясындағы мемлекеттік реттеудің нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнес үшін жағымды жағдайлар қалыптасады.

«Көріп отырсыздар, атқарылатын жұмыс аз емес. Дегенмен, ең бастысы, экономика өсімін қамтамасыз ету. 2013 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша экономика өсімі 5 пайыз шамасында болды. Әлемдік дағдарыс құбылыстары әлі де жалғасып жатқаны белгілі. Халықаралық нарықта да бәрі жақсы емес. Бізде де экономиканың негізгі секторында біршама төмендеу бар. Алдағы уақытта ішкі нарықты ынталандыратын тетіктер және біздің елімізде бар әлеуеттер экономиканы орнықты етіп, биылғы жылы 6 пайыздық өсімге қол жеткізуге септігін тигізеді деп сенеміз», - деді С. Ахметов.

Соңғы жаңалықтар