Биыл Көкшетау қаласы бойынша 17 мың бала жазғы демалыспен қамтылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады.

Осы мақсатта биыл Көкшетау қаласы бойынша 17 мың бала жазғы демалыспен қамтылатын болады. Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұловтың төрағалығымен өткен кездесуде қалалық білім бөлімнің басшысы Зәуреш Нұрымова мәлімдеді, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол - мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.

Сондықтан, жаз - балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға,олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, әлеуметтік және мәдени білім беру құндылықтарына араласу, әлеуметтік байланыстар жүйесіне қосылу, өз жоспарларын іс жүзіне асыру,жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз балаларға өзінің сан түрлі талантын ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

«Балалар да, үлкендер де жылы күндерді аңсап күтеді. Балалар жақсылап тыныққысы келеді, ал ата-аналар алдында ұзақ оқудан, қиын емтиханнан шаршаған баласының демалысын қалай ұйымдастыру керек дәстүрлі сұрақ мазалайды. Осы орайда, Көкшетау қалалық білім бөлімі 17468 оқушыға жазғы демалысты тиісті деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - дейді Зәуреш Нұрымова.

Биыл бұл бағытта қала бойынша 6650 бүлдіршінді қамтитын 24 мектеп алды лагері жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, 134 үйірме мен 41 спорттық секция да ұйымдастырылады. Оған 4637 баланы тарту көзделген.

Жаз айларында оқушылардың еңбекпен қамтылу мәселесі де шешімін табатын түрі бар. Мәселен, осы бағытта 8312 баланы жұмысқа тарту жоспарланған болса, оның 1200-і қаладағы 6 мектептің учаскесінде және 1152 баладан құралған 48 бригада мектеп аулаларын абаттандыруға, 2100 жоғары сынып оқушылары 46 жөндеу-құрылыс бригадасында жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, Айыртау көлі курорттық аймағында орналасқан «Сұңқар» және «Чайка» балалар сауықтыру орталықтарына 2600 баланың демалуына жағдай жасалмақ. Әсіресе, ата-анасының қамқорынсыз қалған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне де зор көңіл бөлінуде. Биылғы жазда осындай 372 баланың толыққанды демалу үшін 12 миллион теңге қарастырылған.

«Ғажайып жаз - 2014» жазғы спартакиада, республика және облыс аумағына туристік саяхат сияқты бұдан басқа да көптеген шаралар қолға алу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар