Биыл Қазақстанның батыс аймағында 1200 шақырымнан астам жол жөндеуден өтеді

Фото: None
Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» мекемесінің басшысы Мейірхат Қасымбаев биыл Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жол-құрылыс маусымында қандай жобалар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство директорының мәліметінше, Ақтөбе өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы - 1 869 шақырым. Оның 67 % жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болса, 16 % сын көтермейді.

Ағымдағы жылы қайта жаңғырту жұмыстарымен 311 шақырым жол қамтылады. Бұл 17 % құрайды. Оған «Ақтөбе – Қандыағаш», «Қандыағаш – Мақат» учаскелері жатады. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттама екі учаске бойынша жүргізілуде. Олар ­– «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» және «Қандыағаш – Шалқар – Ырғыз – Қостанай облысы шекарасы».

Осы жылы орташа жөндеу жұмыстарымен «РФ шекарасы (Самара бағыты) – Шымкент» және «Ақтөбе – Мәртүк – РФ шекарасы (Орынборға)» жолдары қамтылады.

«Атырау облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы - 1 126 шақырым. Оның 50 % жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болса, 16 % күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазір облыс жолдарының 34 % немесе 385 шақырымы қайта жаңғыртылады. Олардың қатарында «Қандыағаш-Мақат», «Атырау-Астрахань» бар. «Ақтөбе-Атырау» жолы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 70 шақырымды құрайтын 2 жоба учаскелері орташа жөндеуден өтеді», - деп атап өтті жауапты маман.

Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы - 1 414 шақырым. Оның 69 % жақсы және қанағаттанарлық деңгейде болса, 14 % күрделі жөндеуді қажет етеді. А-30 «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» қайта жаңғырту жұмыстарынан өтіп, «Атырау-Орал» тас жолы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Өңірдегі 248 шақырым жол күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Ол 17 % құрайды. Оларға 2 телім тиесілі - «Қазталовка - Жәнібек – РФ шекарасы» мен «Өнеге-Бисен-Сайхин».

5 жоба орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Олар «Хан Орда ауылына кіреберіс жол», «Орал-РФ шекарасы (Бұзылық бағыты)» және «РФ шекарасы (Самараға) - Шымкент» (3 учаске).

«Батыс өңірлерінде тұратын тұрғындарымыздың шағымдары өте орынды әрі обьективті. Ескере кету керек, өңірде жол құрылысына қажет инертті материалдар тапшы. Бұл мәселе құзырлы органдармен бірлесе шешілуде. Биыл 1200 шақырымнан астам жолды жөндеуден өткізуді жоспарлаудамыз. Мердігер ұйымдардың қызметін бақылау жұмыстары күшейтілді. Сонымен бірге «Казахавтодор» ЖШС-не жолды күтіп ұстау жұмыстарының сапасын арттыру тапсырылды. Жолды жүйелі түрде күтіп ұстау маңызды, - деді ҚазАвтоЖол басшысы Мейірхат Қасымбаев.

Еске сала кетейік, ел тұрғындарының республикалық маңызы бар жолдарға қатысты барлық сұрақтары үшін 1403 қысқа нөмірі жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар