Биыл Қазақстанда жануарлар мен құстарға 150 млн-нан астам екпе салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда жануарлар мен құстарға 150 млн-нан астам екпе салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және диагностикалау жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2021 жылы жануарлар мен құстарды вакциналау бойынша 151 млн-нан астам манипуляция, сондай-ақ 68 млн-нан астам диагностикалық зерттеулер жүргізілетін болады.

Қазақстан аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының таралуынан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау үшін республиканың ветеринариялық қызметі ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып, малды уақтылы диагностикалау және вакциналау жұмыстарын жүргізеді», делінген хабарламада.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті осыған байланысты жыл сайынғы иммундық алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін сертификатталған ветеринариялық препараттармен қамтамасыз етеді.

«Халықаралық Эпизоотиялық бюроның тізіліміне түрлі аурулар мен инфекциялардың 88 түрі енгізілген. Қазақстандық тізілімде тек 68 түрі тіркелген. Олар біздің елімізде Кеңес одағы кезінен бері келе жатыр.

Қазіргі уақытта оның 45 түрі бойынша эпизоотиялық жағдайы тұрақты. Ал, 23 түріне диагностика және вакциналау бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде жануарлар мен құстарды вакциналау бойынша 151,1 млн манипуляция, сондай-ақ 68,1 млн диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

Мнистрліктің хабарлауынша, тиісті жұмысты жергілікті атқарушы органдар жанындағы мемлекеттік ветеринариялық ұйым биыл ақпан-наурыз айларында бастайды.


Соңғы жаңалықтар