Биыл Қазақстанда қызылшаға қатысты 26 оқиға тіркелген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2018 жылғы 19 қарашаға қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы мәліметті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 2018 жылы қызылшаға қатысты 26 расталған оқиға тіркелген, оның ішінде 20 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар (76,9%).

«Алматы қаласында - 15, Ақмола және Жамбыл облыстарында - 2-ден, Солтүстік Қазақстан облысында - 1, Астана қаласында - 6 жағдай тіркелген. Ауру көбінесе егілмеген балалар арасында кездескен. Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

Қызылша - дене қызуының көтерілуі, жөтел, мұрын бітелуі, тамақтың ауыруы және бөртпе шығатын вирустық табиғатты жіті жұқпалы ауру.

Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулар кезінде қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша ауру болған жағдайда соңы өлімге әкелуі мүмкін.

Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ. Сондықтан қызылшаның жалғыз тиімді қорғанысы - вакцинация. Елімізде қызылшаға қарсы егпе екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады.

Дәрігерлер ата-аналарға баласының қызылшаға қарсы егілгенін тексеруді, вакцинация болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық егпе алуды ұсынады. Сондай-ақ, қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу,  катаралды құбылыстармен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларды орындау ұсынылады.

2017 жылдан бастап Еуразия құрылығында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) статистикасы бойынша 2018 жылдың басынан бері 40 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған (ДДҰ 2017 жылы 24 мыңнан астам, 2016 жылы 5 мыңнан астам қызылша фактісін тіркеді).

Биыл қызылшаның эпидқолайсыздығы 7 елде тіркелді, онда мыңнан астам адам қызылша ауруымен ауырған: Украина (38 мыңнан астам жағдай), Сербия (5 мыңға жуық жағдай), Франция (2579), Италия (2020), Ресей (1396), Грузия (1128), және Грекия (2476).

ДДҰ сарапшылары аурудың таралуын қызылшаға қарсы иммундаумен қамтудың және халықтың иммундық қабатының төмендеуімен байланыстырады.

Соңғы жаңалықтар