Биыл Қазақстанда қанша машина құрастырылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін елімізде 35 мың машина құрастырылатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы 19,5 мың автомобиль шығарылды. Ал 2018 жылдың 4 айының өзінде 9 мың автомобиль шығарылып отыр. Ал биылғы жылы отандық өндірушілердің  жоспарында шамамен 35 мың көлік шығару бар», - деді ол.

Оның дерегінше, өткен жылы Қазақстанда құрастырылған 1,5 мың автомобиль Қытай нарығына шығарылған.

«Қазір экспорттық әлеуетті ұлғайту мәселесі мен ынталандыру шаралары талқыланып жатыр. Бүгінде бұл бағытта Үкімет жұмыс істеуде. Бізде автомобильді бірыңғай сатып алу ұйымдастырылған. Ендігі уақытта мемлекеттік органдар автомобильдерді жеке сатып ала алмайды. Алдағы уақытта тек отандық авомобильдерге басымдық берілетін болады», -  деді Алмас Батанов.

Сонымен қатар ол еліміздегі электртехникалық машина жасау саласындағы ахуалға да тоқталды.

«Электртехникалық машина жасауға қатысты айтар болсам, онда ол өндірістің тұрақты динамикасымен сипатталады. Машина жасаудың басқа салаларымен салыстырғанда біршама шектеулі. Оның үлесі 12 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта сектордың ірі ойыншылары өздерінің өндіріс көлемін арттыра түсуде. Мәселен, «Қайнар - АКБ» аккумулятор жасап, оны экспортқа шығарып жатыр.  Alageum Electric АҚ трансформатор шығаратын 4-ші зауыт салуда және өндірісін Солтүстік Қазақстан мен елімізден тысқары жерлерде де дамытуды жоспарлап отыр», - деді комитет басшысы.

Соңғы жаңалықтар