Биыл Қазақстанда 9,6 мыңнан астам мүгедек жұмысқа орналасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 9,6 мыңнан астам мүгедек жұмысқа орналасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 9,6 мың адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмысқа тұрғандар - 3,9 мың адам.

2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың құрамына мүмкіндігі шектеулі 10,8 мың адам енгізілді, бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 3%-ын құрайды (402,8 мың адам).

Мемлекеттік бағдарламаның бағыттары бойынша:

- қысқа мерзімді курстармен 1 170 адам қамтылды;

- «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 757 адам қамтылды;

- 179 адам микрокредит алды, оның ішінде 90 адам өз ісін ашты;

- бос жұмыс орындарына – 3 851 адам жұмысқа орналастырылды;

- әлеуметтік жұмыс орындарына – 983 адам жұмысқа орналастырылды;

- жастар практикасына – 440 адам жұмысқа орналастырылды;

- қоғамдық жұмыс орындарына – 4 337 адам жұмысқа орналастырылды.

Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 16 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда 690,6 мың мүгедек немесе халықтың жалпы санының 3,7% – ы, 424,4 мың еңбекке қабілетті жаста (61%), 106 мың адам жұмыс істейді.



Соңғы жаңалықтар