Биыл Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналуы мүмкін - Эмомали Рахмон

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда серіктесіне айналуы мүмкін. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордада өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз кезінде осындай болжам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дипломатиялық қатынастардың отыз жылында әріптестіктің барлық салаларында елеулі жетістікке жеткеніміз қуантады. Бұл процестің дамуына екі арада үнемі жүріп жатқан саяси диалог сөзсіз ықпал етеді. Бұл аралықта мемлекетаралық өзара әркеттестік қатынастың қажетті тетіктері мен салмақты құқықтық базасы қалыптасты. Бүгін сол базаны жаңа құжаттармен толықтырамыз», - деді Тәжікстан басшысы.

Сондай-ақ, Эмомоли Рахмон екі арадағы сауда-экономикалық әріптестікке тоқталды.

«Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда құрылымында талайдан бері жетекші орынды ұстап тұр. Сіздің Тәжікстанға жасаған ресми сапарыңыз кезінде өзіңізбен жыл сайынғы тауар айналымының көлемін 2 млрд долларға дейін жеткізуге келіскен болатынбыз. Сол аталған міндеттер жоспарға сай іске асып жатқаны қуантады. Қазақстан бүгінде Тәжікстанның суда серіктестерінің арасында екнші орында тұр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіш бойынша бірінші орынға шығуы мүмкін. Оған орасан мүмкіндіктер бар», - деді Тәжікстан Президенті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі басталды.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды елорда әуежайында қарсы алған болатын.

Ал, 3 мамырда Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар