Биыл Қазақстан-Литва арасындағы сауда айналымы 500 млн доллардан асқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Литва арасындағы сауда айналымының көлемі 500 млн доллардан асқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергиспен өткен келіссөздің қорытындысы туралы БАҚ алдында жасаған мәлімдемесінде осындай сандар келтірді.

«Дәстүрлі логистикалық тізбектердің бұзылуына қарамастан, 2022 жылдың 9 айында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2,1 есе өсіп, 500,4 миллион АҚШ доллар құрағанын атап өту қуантады», - деді Мұхтар Тілеуберді.

Айта кету керек, 2021 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 242,4 млн доллар көлемінде ғана болған.

«Бүгінде Қазақстан нарығында 170-ке жуық литвалық компания бар. Өз кезегінде Литвада Қазақстанның қатысуымен ондаған компаниялар жұмыс істейді. Ұшқыштарды даярлау, электроника және медициналық жабдықтар өндіру, пайдаланылған мотор майларын қайта өңдеу және басқа да салаларда бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылуда», - деді Сыртқы істер министрі.


Соңғы жаңалықтар