Биыл Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтына 80 жыл толды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Апырай, өмірде не болмайды десеңізші. Бір ұрпақтың тұсында халық қадір тұтатын құндылықтар келесі бір ұрпақтың тұсында ондай қасиетінен айрылып шыға келеді. Адам аяғы баспас қасиетті жерлер, бір кездері көрінгеннің сүрлеу жолына айналады. Иә, ұрпақтар сабақтастығы осы жерде еріксіз еске оралады. Дегенмен, әр кезеңде халық басына түсетін сын сағаттарда сол сыннан сүрінбей өтетін, болашаққа жол таба білетін лайықты азаматттардың шығатыны да сөзсіз. Бұған Қазақтың ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тарихы куә. Биыл аталмыш ғылыми орталықтың құрылғанына 80 жыл толды.

Өкінішке қарай, бұл мерейтой елімізде кең көлемде атап өтілген жоқ. Кезінде халқымыздың талай марқасқа ұлдары еңбек еткен институттың күндердің бір күнінде ғимаратынан да, қызметкерлерінен де айрылып, қыл үстінде қалған тағдыры нәзік жанды әйел затының иығына сүйенеді деп кім ойлапты. Жә, сөз кезегін осы бір киелі қара шаңырақтың шырағын сөндірмей, бір тиын жалақы алмай, бірнеше жыл басқарған, жабылып қалмауына барынша күш салған ғылыми қызметкер Ғалия Теміртонқызына берелік. ҚазАқпарат тілшісі ғалымнан институттың 80 жылдық тарихына байланысты арнайы сұхбат алған болатын.

- Ғалия Теміртонқызы, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының тарихы тереңде жатқаны мәлім. Оны кезінде өзіңіз де зерттеген екенсіз. Қандай мағлұматтарға қол жеткіздіңіз?

- Бұл институт бүгінгі таңда «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» деп аталады. Негізі «Қазақ мәдени ғылыми-зерттеу институты» деп аталуы керек деп ойлаймын. Бұл менің жеке өз пікірім. Институтқа расында биыл наурыз айында 80 жыл толды. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Ал тарихқа үңілер болсақ, 1933 жылы 15 қарашада Қазақ АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесі мәдениет (тарих, тіл, әдебиет, өнер, материалдық өнер, өлкетану) саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орталықтандыру мақсатында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті жанынан тұңғыш рет Қазақ Ұлттық мәдениеті ғылыми-зерттеу институтын құру жөнінде қаулы қабылдаған-ды. Бұл Институт Қазақстандағы сол кездегі ең алғашқы ғылыми институттардың бірі болды. Бүгінде өз алдына шаңырақ көтерген көптеген ғылыми-зерттеу институттарының, соның ішінде әдебиет, археология, фольклор институттарының тарихы осы қара шаңырақтан бастау алатыны мәлім. Ал институттың жұмысы 1934 жылы басталған. Кейбір деректерде қаңтар айы деп көрсетілген. Мен 2012 жылы Дариға Оспанова деген әріптесім екеуміз Мемлекеттік архивте 1,5 айдай отырып, институттың тарихына қатысты мәліметтерді көп іздестірдік. Сонда, оның 1934 жылдың наурыз айында ашылғандығын растайтын құжаттарға қол жеткіздік. Ол да болса, сол кездегі ғылыми институттар арасында жазылған хаттардың мерзімдері негізінде алынып отыр. Жалпы Институтқа байланысты деректер көп емес, оған сол мұрағатта болғанда көз жеткіздік. Құжаттардың сақталмағанына өзіндік себептер болған болу керек. Бір айта кететін жәйт, сол жылы елімізде бірқатар жоғары оқу орындары да ашылғаны мәлім.

- Аталмыш институтта қандай ғалымдар жұмыс атқарды?

- Жаңа мәдени ғылыми орталықта атақты шығыстанушы ғалым, мемлекет қайраткері Санжар Асфендияров, қазақ тілі білімінің негізін салушылардың бірі, түркітанушы, ағартушы ғалым Құдайберген Жұбанов, ғалым, ағартушы Қоңырқожа Қожықов, академик жазушы Мұхтар Әуезов, қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі, зерттеуші ғалым, түркітанушы Сәрсен Аманжолов, түркітанушы ғалым, «Алашорда» үкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынов, Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов, көрнекті қазақ жазушылары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров және басқа да белгілі тұлғалар жұмыс істеген. Сол кезде ойлап қарасаңыз, бір адам бірнеше жерде жұмыс істеген ғой. Демек, сол уақыттарда еліміздің бетке ұстар азаматтары білім және ғылым салаларының қалыптасуы мен дамуына барынша атсалысқан.

- Ғалия Теміртонқызы, алғашқы жылдары институт аясында қандай жұмыстар атқарылды және институттың бұдан кейінгі жылдардағы тағдырына тоқталсаңыз.

- Енді мысал ретінде айтар болсам, 1934-1936 жылдары орыс тілінде «Труды института», «Прошлые Казахстана в источниках», «Сборник казахских сказов», «Сборник казахских загадок» деген кітаптар жарық көрген. Сондай-ақ, қазақ тілінде 4,5 мың мақал-мәтелдердің жинағы, 2 мың жұмбақтың материалдары, 230-дан астам қазақ ертегілері, жүзден астам батырлық эпостар, қиял-ғажайып ертегілері, аңыз әңгімелер жинақталып, өңделген. Қарап отырсаңыз, қыруар жұмыстар атқарылған. Оларды ұмытуға болмайды. Ал 1937-1938 жылдары көптеген арыстарымыз «Халық жауы» атанып, атылып кеткені, осы институттың жұмысына орасан зор кері әсерін тигізгені рас. Ғылыми мекеменің осы жылдардағы қызметі жайлы құжаттар өте аз. Дегенмен, біздің институтта еңбек еткен Жалалледин Шайкен ағамыздың келтірген мәліметтеріне сүйенер болсақ, институт 1936 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақ бөлімімен біріктіріліпті. Мақсат - ғылыми қызметтерді бір орталыққа біріктіру.

- Бұдан кейін институт өз алдына ғылыми мекеме болып қашан шаңырақ көтерді?

- Бұл институт 1939-1974 жж. Шығармашылық үйі болып жұмыс атқарды. Осы жылдары Институт ғылыми-зерттеу мәртебесінен айырылғанмен де, «Шығармашылық үйі» ретінде еліміздің зиялы қауым өкілдерінің бас қосқан қара шаңырағына айналды. Ол жерде казақтың маңдайына біткен ірі тұлғалары өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, баға жетпес мәдени туындылардың дүниеге келуіне себепші болғанына толықтай негіз бар деп ойлаймын. Ал, кейін 1974-1994 жж. - Халық шығармашылығы мен мәдени ағартушылық жұмыстар орталығы, Қазақ КСР Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы, 1994-1998 жж. - Республикалық мәдени мәселелер ғылыми орталықтары аталып келді. Ал 1998 жылы еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізген тұста, орталық директоры, профессор Балтабаев М.Х. бастаған ұжым осы ғылыми мәртебеге қайта ие болды - «Казақ мәдениеті және өнертану институты» (1998-2005 жж.). 2005-2012 жж.- «Мәдени саясат және өнертану институты» ЖШС. Осылай көптеген өзгерістерден, оның ішінде небір қиындықтардан өтіп, 2012 жылы «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» болып қайта ұйымдастырылды.

Республикалық Халық шығармашылығы орталығы кеңес заманында бола тұра шама-шарқынша жұмыс істеді деп есептеймін. Өйткені, сол кездері дамыған жаңа өнер формалары, жанрлары клубтар аясында көптеген ансамбль, оркестрлар арқылы халық мәдениетін өзіндік дамытты. Сахналарда көбінесе ән, би жанрларына көп көңіл бөлінді, фестивальдер, концерттер ұйымдастырылды, хор жанры дамытылды. Ал, осы ғылыми институттың қызметкері болған Сәтімжан Санбаев ағамыз айтқандай: қазақ халқы бұл кезеңде екі ұдайлы өмір сүрді. Яғни, осы халық шығармашылығы саласында қазақтың төл мәдениетінің көптеген тармақтары жақсы дамыған жоқ, ұлттық дәстүрлі әншілік, күйшілік мектептеріміз кенжелеп қалды, таза қазақи ортада, отбасында ғана сақталып келді. Сондықтан, осы институттың басты мақсаты - ғылыми тұрғыда қазақ ұлттық төл мәдениетін жаңғырту және дамыту болып табылады.

- Ғалия Теміртонқызы, осы институтқа алғаш рет келген кезіңіз есіңізде ме?

- Мен 1981 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіп, оны үздік бітірдім. Екінші курстан бастап, «Айгүл» вокалды-аспапты ансамблінде 7 жыл ритм-соло гитарашы болып өнер көрсеттім. Талай рет эстрада жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсеттік. Осы «Айгүл» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, соның біраз жыл жетекшісі болған, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Марат Балтабаев деген ағамыз болатын. Біз оқуға түскен жылдары ол кісі музыка факультетінің деканы еді. Кейін осы Республикалық ғылыми-әдістемелік Халық шығармашылығы орталығын, сосын Республикалық мәдени мәселелер ғылыми орталығын басқарды. 1987 жылы Марат аға Республикалық Халық шығармашылығы орталығы жанынан осы «Айгүл» ансамблін қайта жаңғыртпақшы болды. Бірақ өкінішке орай, көпшілігіміз отбасы жағдайымызға байланысты түгел жинала алмай қалдық. Содан, мен осы орталықта қалып, қазақ дәстүрлі өнері, музыка өнері, аналитика бөлімдерінде жұмыс істеп келдім. Биыл осы институтта істеп жүргеніме 27 жыл толыпты. Қазір институттың штатында болмасам да, осы ғылыми мекеме аясында өзімнің ғылыми жобаларымды жүзеге асырып жүрген жайым бар.

- Тәуелсіздік жылдарында институт қандай қызметтер атқарды?

- Мәдениет саласында жаңадан ғылыми жобалар, бағдарламалар жазылды. Біздің ғалымдар әсіресе «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар жұмыстар атқарды. Қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, өнеріне байланысты ғылыми-зерттеулер жүргізілді, Қазақстанның түкпір-түкпіріне және шет елдерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, бірқатар ғылыми монографиялар, әдістемелік және оқу құралдары жазылды.

- Ғалия Теміртонқызы, 2010 жылы институт аса қиын жағдайға тап болғаны мәлім. Осы кезеңге тоқтала кетсеңіз.

- Иә, қаржылық себептерге байланысты институт қиын жағдайға тап болды. Бұл туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында талай рет жазылды да. Институт ЖШС мәртебесіне ие болған соң, Төле би көшесі мен Достық даңғылының қиылысында орналасқан, салынғанына 100 жылдан асқан, Институт алғашқы күндерінен бастап мекен еткен тарихи ғимарат муниципалдық меншікке көшті. Сондықтан, ол жерде жалдық ақы төлеп тұруға мәжбүр болдық. Содан, бұрынғы басшылықтың кезінде коммуналдық төлемдер мен жалдық ақы бойынша қарыздар көбейіп кеткен екен. Салық департаментінің тұжырымдамасы бойынша институт шығынды мекемеге айналып шыға келді. Артынша арнайы тексерулер нәтижесі бойынша, көптеген заң бұзушылықтар анықталып, ғимараттың есігіне құлып салынды. Институт шоты тұтқындалып, бұрынғы басшылықтың ісі сотқа берілді. Біз солай далада қалдық. «Институт басқа институтпен қосылады екен, тіпті банкрот болып жабылады екен» - деген әр түрлі сыбыстар шыға бастады. Сол 2010 жылдың мамыр айынан бері жалақы алмаған соң, адамдар күзге қарай жұмыстан шыға бастады. Институттың ғылыми жұмыстары құлдырап кетті. Бұл жағдайдың намысыма тигені соншалықты, мен шыдай алмай, 2010 жылдың қарашасында қолыма қалам алып, сол кездегі мәдениет және ақпарат министріне хат жаздым. Оған бірқатар әріптестер, белгілі тұлғалар қол қойды.

- Министрдің алдына кіре алдыңыз ба?

- Жоқ. Хатты министрліктің тиісті комитетіне келіп, тапсырдым. Онда комитет басшылығына жағдайды барынша түсіндіруге тырыстым. Хатта жазылғанындай, институттың тарихи мекеме екендігін, онда кезінде қазақтың ұлы азаматтарының еңбек еткендігін, егер институт жабылар болса, бұл сол ұлы тұлғалардың рухының алдында кешірілмейтін күнә болатындығын айттым. Мәдениет, мәдени саясат саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарының одан әрі жалғасу керектігін, мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілу қажеттігін сұрадым.

- Қандай жауап алдыңыз?

- Сол 2010 жылдың желтоқсан айында министрліктен жауап келді. Онда институттың жабылуы немесе басқа институтпен қосылуы туралы мәселе күн тәртібінде жоқ екендігін және қазіргі таңда орын алған қаржылық-шаруашылық мәселелердің уақыт өте реттелетіндігі айтылды. Сондықтан, осы қиын жағдайға тап болған институтты Мәдениет комитеті тарапынан маған басқару міндеті ұсынылып, сенім білдірілген кезде, бас тартпай, үлкен жауапкершілікті сезініп қабыл алдым.

Шынында да қиындықтар көп болды. Оның ішінде осы күнге дейін қатты жаныма бататыны алдында айтқанымдай қазақтың арыс азаматтары тұтқасын ұстап, терісінің иісі сіңген тарихи ғимараттан айырылып қалғанымыз. Бұл аса ауыр кезеңдер еді. Содан, біз қалада 2011-2012 жылдары бірнеше мәдени мекемелерде көшіп-қонып жүрдік. Мысалы, «Қазақ әуендері» кеңсесінің бірнеше бөлімдерінде, тіпті терезесі жоқ 6 шаршы метрлік жертөлесінде де отырған кездеріміз болды. Осы сәтті пайдаланып, аталмыш мекеменің басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді, өйткені, бөлмеден басқа бізді қажетті телефон, интернет құралдарымен қамтамасыз етті.

Басқа, негізгі қиындық тікелей қаржыға байланысты болды. Яғни, көп адам алуға болмайды. Айтылғандай, ақша шотқа түспейді. Мамандар: «түсіруге болмайды, егер түсер болса, ол ақшалар бұрынғы қарыздарды өтеуге жұмсалады» - деп түсіндірді. Ал Институттың меншік түрі - жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) болғандықтан, ақша табайық десек, ғимарат жоқ, жұмыс атқарайық десек - қызметкерлер керек. Ал адам алайын десем, шотқа ақша түспейді. Содан жұмысқа келген адамдар бірі қалмай кетіп қалды. Мұндай жағдайға кім шыдасын?! Ешкім оған шыдай алмады. Содан мен жалғыз қалдым. Кәдімгідей жалғыз қалдым...

- Институт қарызына байланысты тағы қандай қиындықтар болды?

- Әрине үш жыл қатарынан шығынға батқан мекемені ешкім тығырықтан шығарып ала алмайтыны шындық. Оның үстіне салық, қаржы, сот мекемелерінен бұрынғы қарыздарға байланысты көптеген ескертулер толассыз келіп жатты. Сол кездері заң қағидаларын жақсы білдім деп айтпай-ақ қояйын, сондықтан да болар, қорқыныш пен үрей болғаны рас - институттың жағдайын қаржы тапшылығынан одан сайын қиындатып аламын ба деп. Сондықтан, институттың жағдайы одан сайын ушығып кетпесін деп, екі жыл бойы салық департаментінің табалдырығын тоздырдым. «Айналайындар, балалар, қазақсыңдар ғой, түсініңдер институтты осындай қиын сәтте жабуға болмайды. Бұл киелі институт» - деп сөзімді айтып, жалынған кездерім шынында да болды. Осы сөздерді реті келген жағдайда, кейде керек емес жерде де айттым деп ойлаймын. Сол кезде бұл мен үшін ең басты уәж еді. Обалы не керек, мүмкіндіктері болса да, үш жыл бойы қарызға белшеден батқан институттың жағдайын мемлекет органдарының қызметкерлері де мен үшін түсінгендей болды. Олар өз тараптарынан мәселені шешудің заңды жолдарын түсіндіре білді. Сондықтан, салық департаментіндегі жастарға ризамын.

Сонымен қатар, заңды жолмен институттың бұрынғы қарыздарының 2 миллиондай теңгесін қысқартуға атсалыстым.

- Бұрынғы басшылықтың үстінен болған сот шешімімен, институтқа қанша ақша қайтарылды?

- 3,5 миллиондай теңге қарыз ақша қайтарылды. Ол 2009 жылдан бері жалақасын ала алмай келген қызметкерлерге берілді, өзім алған жоқпын.

- Ғалия Теміртонқызы осындай ауыр сәттерде институттан кетіп қалғыңыз келмеді ме?

- Мен енді жалақы бермеді деп бұрылып кете алмадым. Мақтанғаным емес, шыдауыма тура келді. «Тәуелсіздік кезінде мәдениет майданында еңбек етіп келе жатқан білдей бір институтты жапқызып жіберсек, қазақпыз ба!?» - деп, намысқа тырыстым. Оның үстіне, сонау жас кезімнен бастап істеп келе жатқан институтым ғой. Болып жатқан қиындықтарға қарамай, осы жағдайда, 2012 жылы қасыма Дариға Оспанова деген әріптесім ғана келді. Бір тиын ақша алмай, маған көмек көрсетті. Сөйтіп, жүріп екеуміз сол бір аядай бөлмеде басқа да мәдени мекемелермен бірлесе отырып, мәдениет тақырыбында «Қазақстан мәдениетінің әлемдік кеңістікке интеграциялану жолдары» атты дөңгелек үстел өткізген кезіміз де болды. Яғни, біз өз саламыздағы, оның ішінде облыстардағы мәдениет мекемелерімен хабарласа отырып, көптеген жұмыстарды, оның ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын да атқарып отырдық. Оның ішінде - ЮНЕСКО-ның сұраныстарын - «Материалдық емес мәдени құндылықтарды сақтау» жөніндегі Конвенцияның талаптарына сәйкес «Наурыз» және «Айтыс» ұлттық мәдени элементтеріне қатысты өтінімдер жасалды. Яғни, қаншалықты қиындықта болғанымен, институт өз міндетін, оның ішінде ғылыми ізденістерін бір сәтте тоқтатпай, мүмкіндігінше жалғастырып отырды.

- Көмек қолын созған бизнес өкілдері болмады ма?

- Мен еш жерден ешқандай көмек көре алмадым. 50-ден астам бизнес құрылымдарына: банктерге, ұлттық, шетелдік компанияларға хат жазып, қолдау іздедім. Бұл ЖШС болса да мемлекеттік институт болған соң, мемлекеттің қарызын ешқайсысы көтергісі келмеді.

- Ғалия Теміртонқызы аталмыш институттың бүгінгі жағдайы қандай?

- 2012 жылы шілде айында Үкіметтің қаулысымен «Көшпенділердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мен «Мәдени саясат және өнертану институты» ЖШС-ін біріктіру жолымен жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесімен «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС болып қайта ұйымдастырылды. Таяуда институт Астанаға көшті. Мен оған негізі қуаныштымын. Өйткені, Институт өзінің ғылыми-зерттеу мәртебесін сақтап қалды. Мемлекеттік тізімге жаңа институт біздің бұрынғы нөмірімен тіркелді. Осы институттың әрі қарай дамуына тілектеспін және оның қызметін жалғастыруына кішкентай да болса үлесімнің бар екеніне түсінемін де, қуанамын да.

Иә, институттың қиын кезеңі менің тағдырыммен байланысты болды. Оны дұрыс түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. «Ғалия, саған осы не керек, көзге түссем деп жанталасып жүрсің бе?» - дегендер де болды. Бір тиын ақша алмай істеп жүргеніме күлген адамдар да болды. Бірақ мен бұның бәрін атақ үшін немесе жақсы көріну үшін істеген жоқпын. «Айтылған сөз, атылған оқпен бірдей, кез келген істің басын бастап, аяғын тастама» - деп, ата-анам айтып отыратын. Сондықтан, бойымдағы қазақи рух пен намысты жоғары қойғаным болар, орын алған қиын жағдайға қарамай, бастаған игі істі аяғына дейін жеткізуге күш салдым.

Енді міне, Астанада институттың жаңа өмірі басталды. Мен бұған ризамын.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет

P.S. Сөз соңында айта кетелік, алдағы 27-28 қарашада Астана қаласында аталмыш институттың 80 жылдығына орай, «Мәдени интеграцияның үрдісі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл да болса көңілге демеу.

Соңғы жаңалықтар