Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қандай нәтиже болады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2022 жылғы нәтижелерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 8 айда Ұлттық жобаның негізгі көрсеткіштері оң серпін көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдау шараларын арттыру, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін барынша қамту мақсатында осы жылдың басынан бастап несие сомасы 7 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Бұл өз кезегінде жоспарланған 4 239 жобаның орнына шамамен 16,8 мың жобаны субсидиялауға және кепілдендіруге мүмкіндік берді», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуныша, көрсетілетін қызметтер мен өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 399 жобаға грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікке жоспар бойынша 30 мың адамның орнына 75,1 мың адам оқытылды.

«Шамамен 12 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бизнесті ашу және жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау бойынша консультациялық көрсетілетін қызметтер алды. Кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын 435 ақпараттық құралға тексеру жүргізілді» , - деді министр.

Ұлттық жоба аясында биыл елдің жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 33,8 пайызға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар 175 мың жаңа жұмыс орнын құру ескерілген.


Соңғы жаңалықтар