Биыл Қарағандыда 60 мың шаршы метрден астам жол жөнделеді

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда жол жөндеу жұмыстары басталды. Осыған дейін Абай көшесінде атқарылған жұмыстар, енді Бұқар жырау даңғылы және тағы 49 бағыт бойынша жалғаспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада ұзындығы 104,1 км болатын 62 жол учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Тексеру барысында 10 кепілді учаскеде жүргізілген жұмыстар бойынша ескерту жасалды. Олар: Гоголь көшесі, Степной-1-2-3 шағын ауданындағы орамішілік жол, Попов, Қазақстан, Дүйсембеков, Рысқұлов, Ержанов, Бұқар жырау, Комиссаров даңғылдары және Саран тасжолы. Мердігер ұйымдар кемшіліктерді жоюға кірісті, бұл бағыттағы жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталып қалуы да мүмкін», – делінген хабарламада.

Қарағанды қаласы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 920 шақырымды құрайды. Оның 560,4 шақырымы асфальтбетон жабынымен қапталған. Биыл 66 мың шаршы метр жолды ағымды жөндеу жоспарланған.

24 учаскеде немесе 26,2 шақырым жолда жабынның жоғарғы қабатын ауыстыру және орташа жөндеу жүргізіледі. Бүгінде Сеченов көшесінде жөндеу жұмыстары басталды, қалғандары бойынша дайындық шаралары жүріп жатыр.

Айта кету керек, жуырда Қарағанды қаласы әкімдігінде өткен жиында жолдардың жағдайы талқыланды. Қала басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мердігерлерді ғана емес, техникалық қадағалау қызметін де сынға алды. Ол жұмыс барысында ақауларды көзден таса еткен техникалық қадағалау ұйымдарына қатысты іс қозғауды талап етті.




Соңғы жаңалықтар