Биыл Қарағанды облысында үш жаңа мектеп пен бір балабақша ашылады
2022 жылғы 26 қаңтар 22:09

Биыл Қарағанды облысында үш жаңа мектеп пен бір балабақша ашылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында 9 жаңа білім беру нысаны, оның ішінде үш мектеп пен бір балабақша өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім беру жүйесінің дамуы және қашықтан оқытудың білім сапасына әсері туралы облыстың бас педагогы Гүлсім Қожахметова айтып берді.

Гүлсім Шабданқызы, балалар осымен екінші жыл қатарынан онлайн форматта білім алып жатыр. Қашықтағы білімнің сапасы туралы айтып берсеңіз...

Қашықтықтан оқыту, әрине, білімге әсер етті, сондықтан олқылықтарды толтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірінші кезекте не істеу керектігін анықтау үшін біз барлық пәндер бойынша бастапқы диагностикалық бөлімдер жүргіздік. Олардың нәтижелері негізінде балалардың білім сапасын арттыру бойынша жұмыс жоспарлары жасалды.

Бүгінгі күні облыстың барлық педагогтары цифрлық сауаттылық бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Олар үшін үнемі онлайн-режимде жұмыс технологияларын жетілдіру бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Дегенмен, қашықтан оқыту кезінде белгілі бір қиындықтар бар. Олардың ішінде балаларда қарым-қатынастың аздығын, құрдастар мен мұғалімдердің қолдауының жоқтығын атап өтуге болады. Мұғалімдерге де оңай емес. Қашықтан оқу кезінде бүкіл сыныппен бір уақытта байланыс орнатуға, тапсырмалардың орындалуын бақылауға және сабақ барысында барлық оқушылардың тақырыпты қабылдауын бақылауға мүмкіндік жоқ.

Бірақ қашықтан білім беру тәжірибесінің артықшылықтарын атап өтпеске болмайды. Мысалы, ауа-райының қолайсыздығына немесе оқушылардың денсаулығына байланысты сабақтарды тоқтатқан кезде біз сабақтарды қашықтан өткізе аламыз. Сондай-ақ кездесулерді, сынып сағаттарын, жиналыстарды іс жүзінде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Балалар өздеріне ыңғайлы уақытта білім алып, жаңа технологияларды игере алады.

Кадрлық мәселеге тоқталар болсақ. Жас мамандарды, мысалы, ауылдық мектептерде жұмыс істеуге қалай тартасыздар?

Қазіргі уақытта облыстың білім беру ұйымдарына 100-ден астам маман қажет. Әсіресе, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі, физика, математика, химия пәндерінің мұғалімдері қажет.

Жаңа оқу жылында біз мыңнан астам педагогты жұмысқа қабылдадық, олардың 500-ге жуығы жас мамандар. Екі жүз мұғалім «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жіберілді. Олар үшін әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған – бұл тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төлеу, коммуналдық қызметтерді төлеу, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін көтерме жәрдемақы беру.

Айта кету керек, көмек тек ауылдық жерлердегі мұғалімдер ғана көрсетіліп жатқан жоқ. Өткен жылы алғаш рет 24 педагог қызметтік пәтер алды.

Қазір инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлінуде. Осы жайлы толығырақ тоқталып өтсеңіз...

Облыста ерекше білім алу қажеттілігі бар 12 мыңнан астам бала тұрады. Инклюзивті білім беру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 36,2%, жалпы білім беретін мектептердің 81% және колледждердің 50,7% жағдай жасалған.

Өткен жылы Теміртауда оңалту орталығы ашылды, онда әртүрлі психофизикалық ауытқулары бар 54 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.

Жөндеу жұмыстары жасалған соң Қарағандыда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кабинеті және облыс орталығы мен Сатбаев қаласында екі психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады.

Қарағандыда «АсылМирас» қоғамдық қорының қолдауымен аутизм және ментальды ерекшеліктері бар балаларға арналған оңалту орталығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ, Қарағандының жалпы білім беретін мектептерінің базасында «Болашақ» ҚҚ бірлесіп инклюзияны қолдайтын үш кабинет ашу жоспарлануда.

Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін мұғалімдер оқытылады. Инклюзивті білім беру үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынады.

Ал шағын жинақты мектептердің болашағы бар ма?

Облыста 209 шағын жинақталған мектеп бар, онда 14 мыңға жуық бала оқиды. Шағын жинақты мектептерді дамыту үшін «Ауыл мектебі» және «Қамқорлық» жобалары жұмыс істейді. Ақтоғай ауданында «Уақытша отбасы» жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның мәні шалғай ауылдардағы балалар отбасыларда тұрып, толық жинақталған мектептерде оқи алады. Ал «Мобильді мұғалім» Жаңаарқа ауданында тәжірибелі оқытушыға бірнеше елді мекеннің ШЖМ-не баруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы 61 ауыл мектебі жаңғыртылды, жөндеу жұмыстары жүргізілді, материалдық-техникалық база мен қауіпсіздік жүйесі нығайтылды.

Облыста қосымша білім берудің жағдайы қалай?

Бүгінгі таңда 107 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы және 12 жеке меншік ұйым жұмыс істейді.

Өткен жылы Ақтоғай, Жаңаарқа, Шет, Қарқаралы аудандарында және Қарағандыда балаларды қосымша дамыту үшін бес нысан ашылды. Сонымен қатар Қарағанды, Балқаш, Шахтинск, Теміртау, Абай, Осакаров, Бұқар Жырау аудандарында жеті балалар технопаркі пайда болды.

Қазіргі уақытта Сәтбаев қаласында Оқушылар сарайының жаңа ғимаратының құрылысы жалғасуда.

Балаларды түрлі үйірмелер мен секцияларға белсенді тартуға биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс барлық меншік нысанындағы – жеке және мемлекеттік объектілерде орналасқандығы көмектесті.

Биыл қандай жаңа білім беру нысандары салынады ?

Мектептерде оқушылардың шектен тыс көптігімен байланысты мәселе әлі толық шешілген жоқ, бірақ облыста мұндай білім беру ұйымдары өте аз. Қазір біз Қарағанды, Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарында үш мектеп салып жатырмыз. Бұқар Жырау және Қарқаралы аудандарындағы апатты мектептердің орнына осы жылдың үшінші тоқсанында жаңаларын салу жоспарлануда. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Сондай-ақ, биыл облыс орталығындағы лицейге қосалқы түрде салынған ғимарат, Саран қаласындағы спорт залы және Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайы пайдалануға берілуі тиіс.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша өткен жылы Шет және Жаңаарқа аудандарында екі жапсарлас құрылыс – спорт залдарының құрылысы басталды.

Биыл Сәтбаев қаласында 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады.

Облыстың барлық білім беру ұйымдарында дабыл түймелері мен құлақтандыру жүйелері орнатылған. Облыстың барлық 496 мектебі бейнебақылау камераларымен (19 837 бірлік) жабдықталған.

Бұл жыл Қазақстанда «Балалар жылы» деп жарияланды. Облыс педагогтарының алдында сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз етуге бағытталған көптеген міндеттер тұр. Сауықтыру лагерлері мен қосымша білім беру ұйымдарының санын ұлғайту, сондай-ақ әлеуетті жаңа мамандықтар ашу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.


Jańalyqtar

MURAǴAT