Биыл Қарағанды облысында күн электр станциясы іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды облысында жиынтық қуаты 200 МВт болатын 4 күн электр станциясы іске қосылды. Бұдан басқа, облыста екі биогаз станциясы жұмыс істейді: Бұқар жырау ауданындағы қуаты 0,3 МВт «Волынский» кешені, Абай ауданының Құрма ауылындағы қуаты 1,07 МВт биогаз құрылғысы. Сондай-ақ, облыста Ынтымақ су қоймасында шағын су электр станциясы жұмыс істейді. Облыс бойынша жаңартылатын және баламалы энергетиканың жалпы қуаты бүгінгі күні 223 МВт құрайды», - деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, 2019-шы және 2020-шы жылдардың өндірістерін салыстыра отырып, электр энергиясын өндіру 77 пайызға айтарлықтай өскен. Соңғы үш жылда іске асырылған жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 102 млрд теңгені құрады.

«Қазіргі уақытта облыс әкімдігі «KAZ GREEN ENERGY» кәсіпорнымен бірлесіп, Балқаш қаласының Қоңырат шағын ауданына жақын жерде қуаты 100 МВт күн электр станциясын салудың тағы бір жобасын іске асырып жатыр. Бірінші кезеңді (50 МВт) іске қосу 2021 жылдың тамыз айына белгіленген, 2 кезеңі (50 МВт) осы жылдың желтоқсан айында іске қосылады. Жобаның жалпы құны - 39 млрд теңге», - деп нақтылады әкім.

Бұдан басқа, Саран қаласында Чехия инвесторлары белгіленген қуаты 100 МВт және одан жоғары жинақтауыштары бар гибридті күн электр станциясы түріндегі түбегейлі жаңа жаңартылатын энергетика объектісін салуды жоспарлап отыр. Осы нысанның құрылысына жер учаскесін резервтеу жұмыстары аяқталды. Құрылыс жұмыстары биылдың соңында басталады деп жоспарлаған.


Соңғы жаңалықтар