Биыл Қарағанды облысында 5 мың пәтер қолданысқа беріледі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Биыл Қарағанды облысында 5 мың пәтер қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Төлеген Әшімовтің айтуынша, үстіміздегі жылы 1 мыңнан астам қарағандылық көптен күткен баспаналарына ие болады. Бұл, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекте тұрған облыс тұрғындары. Мысалы, несиелік тұрғын үй бағдарламасы аясында Қарағандыда 10 үй және Жезқазғанда 18 пәтерлі бір үй тапсырылады. Жалға берілетін баспана бойынша өңірдің 10 аймағында 12 үйдің құрылысы күтілуде.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысы бойынша 2019 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 4 мыңнан астам пәтер қолданысқа беріледі.

Жалға берілетін, несиелік тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 10 млрд 480 млн теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, Төлеген Әшімов «7-20-25» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысында бюджеттен тұрғын үй сертификатына 1 млрд теңге бөлінетінін атап өтті. Ол сертификаттарды сұранысқа ие мамандар - дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер алатыны жоспарлануда. Осылайша, шамамен тағы 700 отбасы өз баспанасын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына (13 жоба) республикалық және облыстық бюджеттен 2 798,8 млн теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтар