Биыл ішкі туристердің саны 6 миллионнан асып түспек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы туристік маусым кезінде 6 млн-нан астам отандық турист ел ішін аралап саяхаттайды деген болжам жасалып отыр. Бұл туралы «Kazakh Tourism» АҚ ұлттық компаниясының басқарушы директоры Даниель Сержанұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде туристік маусым енді басталады. Биылғы біздің болжам бойынша 6 миллионнан астам отандық турист ел ішінде саяхаттап, демалады деп отырмыз. Көрсеткіштің одан асып түсуі әбден мүмкін. Бізге ішкі туристердің легі белгілі, ендігі мақсат – сапаны арттыру. Яғни туристерге жағдай жасап, оларға сапалы қызмет көрсету. Сонымен қатар жүйелі, ұйымдасқан туризмді ілгерілету де маңызды. Одан бөлек, сырттан келетін туристер бар. Жалпы Қазақстанға шетелдік туристердің дені Ресей және ТМД елдерінен келеді», - деді Даниель Сержанұлы.

«Kazakh Tourism» АҚ басқарушы директорының мәліметінше, отандық туризмді ілгерілетуде Араб елдерінен туристерді тартуға ден қойылып жатыр.

«Қазіргі уақытта былтырмен салыстырғанда Ресейден келетін туристердің саны 7 есеге артты. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түспек. Себебі осы күндері Омбы, Новосібір, Екатеринбург, Санкт-Петербург және Мәскеуде Қазақстан туризмінің таныстырылымы өтіп жатыр. Қазірдің өзінде көрші елден шоп-турмен келіп жатқандар баршылық», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар