Биыл индустрияландыру картасы аясында 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Индустрияландыру картасы аясында 10 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылы еліміздің өңірлерінде жалпы құны 1,4 трлн теңгені құрайтын 90 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Өндіріс ошақтарында 10,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

Жобаларды мынадай салаларда іске асыру жоспарланған:

- тамақ өнеркәсібі – 20 жоба;

- құрылыс индустриясы – 13 жоба;

- химия өнеркәсібі - 7 жоба;

- металлургия - 11 жоба;

- мұнай өңдеу - 5 жоба;

- фармацевтика - 5 жоба;

- машина жасау - 15 жоба;

- жеңіл өнеркәсіп - 7 жоба;

- ағаш өңдеу - 4 жоба;

- басқа салалар - 3 жоба.

Жобалардың басым бөлігі Ақмола облысы, Қостанай облысы, Жамбыл облысы, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында іске қосылмақ.

Негізгі жобалар:

- «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС Атырау облысындағы газ-химия кешені. Интеграцияланған газ-химия кешені жылына 629 мың тонна пропан өңдеп, 500 мың тонна полипропилен шығаратын болады.

- «KazAlPack» ЖШС Шымкенттегі алюминий банкілерін өндіретін зауыт. Аталмыш жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда, оның негізгі мақсаты – ішкі нарықты жергілікті өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету. Жаңа зауыт сусындарды құюға арналған әртүрлі көлемдегі оңай жабылатын қақпақтары бар алюминий құтыларды шығарады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 500 млн құты.

- «KamaTyresKZ» ЖШС шина өндіру зауыты. Саран қаласында орналасқан зауыт жеңіл, жеңіл жүк және жүк шиналарын шығарады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 3,5 млн шинаны құрайды. Қазақстандағы зауыт заманауи, алдыңғы қатарлы жабдықтармен жабдықталған, осылайша сапалы әрі қолжетімді шиналар шығару көзделіп отыр. Тауарлардың түрлері аймақтық қажеттіліктерді ескере отырып анықталады.

- «Standard Petroleum & Co» ЖШС Түркістан облысында мұнай өңдеу зауытының құрылысы. Зауыттың қуаты - жылына 1 млн тонна өнім.

- «Altyn Shyghys» ЖШС Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауытын салу. Аталмыш комбинат өңірдегі ауқымды инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Оның қуаты - жылына 300 мың тонна дайын өнім. Ал, жобаның құны 28 млрд теңгені құрайды.


Соңғы жаңалықтар