Биыл гектарлық субсидиялау алынып, мал шаруашылығын субсидиялау өзгеріске ұшырайды - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы гектарлық субсидияны алып тастау және мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасын өзгерту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен парламенттік тыңдау барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, агроөнеркәсіптік кешенінде субсидиялау жүйесін ауқымды реформалар күтіп тұр. Оның айтуынша, алдағы уақытта субсидиялау процесі автоматтандыра отырып, жалғасатын болады.

«Реформаның мәні - ынталандырмайтын субсидиялар мен мемлекеттік шығыстарды қысқарту. Осыған байланысты, 2016 жылы гектарлық субсидияны алып тастау және мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасын өзгерту жоспарланып отыр. Бұл ретте, босаған қаражатты жабдықтар мен технологияны жаңғыртуға септігін тигізетін барынша тиімді бағыттарға - инвестициялық субсидияларға, пайыздық мөлшерлемеге арналған субсидиялауға, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруға, қосылған құн салығын, асыл тұқымды артыруды субсидиялауға, бизнес қауымдастықтардың ғылыми ұйымдар көрсететін қызметтерге арналған шығындарын субсидиялауға, фитосанитариялық қауіпсіздікті арттыруға қайта бағыттау жоспарланып отыр», - деді Асылжан Мамытбеков.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетіктерін табысты іске асыру үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасының толық көлемде қаржыландырылуын қамтамасыз ету қажет.

«Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бірыңғай нарығын құру да осыны қажет етеді. Онда қатысушы елдердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері әр түрлі мемлекеттік қолдау көлемдері жағдайында нарыққа қол жеткізу үшін бірдей шарттарға ие болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар