Биыл «Еуразия» кинофестивалінде «Қазақфильмнің» «Студент» және «Кішкентай» картиналары көрсетіледі - Е.Аманшаев

None
None
АЛМАТЫ. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биыл «Еуразия» VIII Халықаралық кинофестивалінің байқаулық бағдарламасына қазақстандық екі туынды еніп отыр.

Бұл туралы аталмыш фестивальдің және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті Ермек Аманшаев бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Біз «А» дәрежесіндегі кинофестивальдармен арадағы ынтымақтастықтығымызды жалғастырып жатырмыз. Былтыр бізде «Венецианск кинофестивалі» өкілдері болса, биыл «Берлин кинофестивалінен» құрметті меймандар қатыспақ.  Биыл сондай-ақ, «Еуразия» кинофестивалі салиқалы іскерлік алаңына айналғалы отыр», - дейді Е. Аманшаев.

Оның айтуынша, биылғы басқосуда  Франция ұлттық кинематография қорының басшысымен арнайы  меморандумға қол қойылып, бірлесіп жүзеге асыратын нақты шаралар талқыланатын болады. Сондай-ақ Ресей кино қорының президенті мен өзге де шетелдік әйгілі киноиндустрия жетекшілері «Еуразия» кинофестивалінің құрметті қонақтары болмақ.

17-21 қыркүйек күндері өтетін Қазақстандағы ең мәртебелі кинофестивальға биыл «Қазақфильм» киностудиясында ағымдағы жылы жарық көрген Дәріжан Өмірбаевтың «Студент» және Данияр Саламаттың «Кішкентай» фильмдері еніп отыр.

Соңғы жаңалықтар