Биыл еңбек саласындағы автоматтандырылған қызметтер үлесі 93 пайызға жеткізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл әлеуметтік-еңбек саласындағы автоматтандырылған қызметтер үлесі 93 пайызға жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласында 44 мемлекеттік қызмет түрі көрсету қарастырылған. Оның ішінде 40 қызмет немесе 91 пайызы электронды, 18-і проактивті түрде көрсетілді.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласында азаматтарға 12,4 млн мемлекеттік қызмет, оның ішінде 7,8 млн-ы электронды түрде көрсетілді. Биыл автоматтандырылған қызметтердің үлесін 93 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда. Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мен төлеуге байланысты процестерді цифрландыру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл тапсырма аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік саланың барлық қызметтеріне, соның ішінде карантин және шектеу шаралары кезеңінде электронды немесе проактивті форматта көрсетілген қызметтерге талдау жасалды», – деді Оспанов.

Оның атап өтуінше, талдау нәтижесінде белгілі бір тежеуші факторлар анықталды.

«Мысалы, ең қажетті қызметтердің бірі – бала туу бойынша жәрдемақы тағайындауды алайық. 2020 жылы 425 587 мыңға жуық бала дүниеге келді. Оның ішінде 58 298-і ата-ана жәрдемақыны проактивті түрде алды. Бұл проблеманың бар екендігін білдіреді. Сондықтан проблемаларды анықтау үшін тиісті талдау жүргізді. Нәтижесінде бірқатар тежеуші факторлар анықталды. Бұл – кейбір мемлекеттік базалардың туыстық байланыстар бойынша мәліметтердің жоқтығы немесе дұрыс, мобильді азаматтар базасында телефон нөмірін тіркемеу, азаматтар тарапынан SMS-хабарламаға жауапты бермеу, банктік шоттардың дұрыс еместігі, мәртебесінің өзгеруі», – деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар