Биыл елордада қай елді мекендер газдандырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елорданың елді мекендерін газдандыру барысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат..

«Күзде тағы жеті елді мекенді газбен қамтамасыз етеміз. Оңтүстік-Шығыс (Юго-Восток) елді мекені толықтай газбен қамтылады. Біз сыртқы желілерді жүргізгеннен кейін тұрғындар үйдің ішіне жүргізіп, қажетті жабдықтарды сатып алуы керек және т.б. Осыдан кейін көмір сатып алу, оны сақтау, сапасы секілді проблемаларды ойлаудың қажеті болмайды.

Қаланы аралау барысында Оңтүстік-Шығыс елді мекенін газдандыру барысымен таныстым. Мысалы, 8-ші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы 95%-ға аяқталды. Нәтижесінде 90 км газ тарату желісі салынды. Бұл аумаққа Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (сол жағы), Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің оң жағының бір бөлігі кіреді. Қазіргі уақытта газ құбырын сынау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, 9-шы іске қосу кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Оңтүстік-Шығыстың негізгі аумағы (оң жағы). Онда 90 км газ тарату желісінің 65 шақырымы салынды. Осылайша алдағы жылыту маусымында Оңтүстік-Шығыс тұрғындары газға қосыла алады. Бұл шамамен 4 мың үй.

150-ге жуық үй орналасқан «Қазақауыл» (Қараөткел) шағын ауданын газдандыруға қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Өткен айда Көктал-1 газбен қамтамасыз етілді. Бұл елді мекеннің өзінде тағы 2600 үй газға қол жеткізді. Енді тұрғындар желіні үйінің ішіне өткізуі керек.

Сонымен қатар, Агроқалашық (2020 жылы газға қосылмаған бөлігі), Промышленный елді мекендерінде газ тарату желілерін салуды жалғастырамыз. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Аталған елді мекендердің тұрғындары жаңа жылыту маусымында газға қосыла алады.

Өткен жылыту маусымында Теміржолшылар, Көктал-2, Агроқалашықтың (бір бөлігі) тұрғындары газға қосылды. 345 км кварталішілік желі салынды.

Биыл барлығы 317 км газ тарату желісін саламыз, оның 220 шақырымнан астамы салынды.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Себебі жер үйлер көмір жақпайды, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарады, қауіпсіздік артады және т.б.

Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында», — деп жазды елорда әкімі.


Соңғы жаңалықтар