Биыл елордада қанша көпбалалы отбасы пәтер алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімдігінде тұрғын үй қорынан берілетін пәтер бойынша түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласының Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының деректері бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру аясында 1634 пәтер беру жоспарланған», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысының орынбасары Әнуар Саипов.

Оның 731-і жалға берілетін тұрғын үй болса, оның 233-і көпбалалы отбасыларға, 105-і жетім балаларға, бір пәтер Екінші дүниежүзілік соғыс ардагеріне, 277-сі халықтың әлеуметтік осал топтарына, 115-і мемлекеттік қызметшілерге және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналған.

Бұдан бөлек, 903 несиелік тұрғын үй жоспарланған, оның ішінде 452-сі кезекте тұрғандарға беріледі.

«2020 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру бойынша 1640 пәтер беру жоспарланған. Соның арасында 718 жалға берілетін тұрғын үй бар, оның ішінде 144-і көпбалалы отбасыларға, 144-і жетім балаларға, 210-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына, 220-сы мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналып отыр. Сонымен бірге, 922 несиелік тұрғын үй қамтылып, соның 461-і кезекте тұрғандарға бөлінбек», - деді ол.

Ә. Саипов жоғарыда аталған тұрғын үй беру үшін жоспарланған көлемнен басқа, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар үшін «Бақытты отбасы» атты ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі арқылы жеңілдікті несие беру бағдарламасы іске қосылғанын еске салды.

Айта кетейік, биылғы 31 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандардың жалпы саны 47 099 адамды құрады.

Соңғы жаңалықтар