Биыл елордада 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елордада 24 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның 16,5 мыңнан астамы – жастар. Бұл туралы Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтыр 40 513 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 35 981 мыңы –тұрақты жұмыс. Ұлттық жобаларды іске асыру аясында өткен жылы Астана қаласында 14 211 жаңа жұмыс орны құрылды. Атап өту керек, өткен жылдан бастап елордада «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысушылардың жалақысы 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) артты. Сонымен қатар, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған грант мөлшері 400 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңге) ұлғайтылды», - деді Ерлан Жүсіпов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, бүгінде «Электронды еңбек биржасы» интернет порталында 1 674 жұмыс берушіден 4 306 бос орын орналастырылған.

«Биыл 24 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, оның ішінде 16,5 мыңнан астамы – жастар. Сондай-ақ, қалада 55 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспары бар. Оның ішінде Ұлттық жобалар аясында 10,3 мың жұмыс орны құрылмақ», - дейді ол.

Бұған дейін елорда жастарына 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін шағын несие берілетіні туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар