Биыл елордада 40 мың бала білім алатын 15 мектеп салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елордада 40 мың бала білім алатын 15 мектеп салынады. Бұл туралы қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан әкімдігі мектеп құрылысы бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізуде. 2021 жылы 2020 жылға қарағанда екі есе, 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе көп орын ашылады.

«Білім сапасы мен оған жағдай жасауға мән беру өте маңызды. Тұрғындар санының артуына байланысты мектептердегі оқушыларға орын жетіспеушілігін қысқарту үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу керек. 2020 жылы 2019 жылға қарағанда пайдалануға берілген мектепер саны екі есеге көп. Бұл 11 білім мекемесі бұрын мектеп болмаған тұрғын алаптарда салынды. Ол жерлерде бұрын балалар бейімделген ғимараттарда оқыған. Жаңа мектептер үш ауысымды мектептер санын 8-ден 4-ке қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, бірқатар мектеп қазандық жылытудан орталықтандырылған жылытуға көшірілді. Бұл - мектептерге тек жылыту бойынша жыл сайын 100 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. 2021 жылы 15 мектеп салатын боламыз. Бұл 40 мың орын ашуға мүмкіндік береді», - деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 5 жылдық кешенді жоспар аясында 50 мектептің құрылысын жүргізуге жоспарланып отыр. Мектеп құрылысына жеке инвесторлар да тартылатын болады.


Соңғы жаңалықтар