Биыл еліміздің барлық облыс орталығында цифрлық ХҚО ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл еліміздің барлық облыс орталығында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. Бұл туралы бүгін Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды үкімет» пен мемлекеттік қызмет саласында мынаны атап өткен орынды: 2017 жылы «Электронды үкімет» порталы арқылы 34 миллионнан астам қызмет көрсетілді. «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы миллионға жуық лицензия мен рұқсат құжаты берілді. 2012 жылдан бері «е-gov» порталы арқылы шамамен 135 мың компания ашылды. Порталды пайдалануды арттыра түсу үшін цифрлық қолтаңбаны қолдануды барынша төмендетудеміз. Бүгінде  бірреттік құпия кілтсөзбен алуға болатын 44 қызмет бар. Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы барлық мемлекеттік қызметтердің 83 пайыздан астамын көрсетеді. Өткен жылы ол 38 миллион қызмет көрсетті», - деді министр.

Оның айтынша, ағымдағы жылы Оралда арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылса, дәл осындай орталық жылдың соңына дейін Атырауда да қала тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Мұнан бөлек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында цифрлық ХҚО ашылды. Ал жылдың соңына дейін мұндай орталықтар еліміздің барлық облыс орталықтарында болады. Аталған орталықта орнатылған компьютерлер арқылы азаматтар барлық қызметтерді ала алады.

«Ішкі істер министрлігімен Астанада ілкі режімде Көші-қон ХҚО аштық. Жылдың соңына дейін көші-қон легі жоғары Алматы мен Атырауда да бір-бір  ХҚО ашу жоспарланған. Бұған дейін шетелдіктер мемлекетік қызметтерді 3-4, тіпті одан да көп күннің ішінде алатын болса, ендігі уақытта бір жерден бірнеше сағаттың ішінде қажетті барлық анықтаманы алады», - деді Дәурен Абаев.

 

Соңғы жаңалықтар