Биыл еліміздегі теміржолда 13 адам мерт болды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл еліміздегі теміржолда адамдарды қағып кетудің 25 жағдайы тіркелді. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары Ниязбек Жаңабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда ол ҚТЖ адамдардың жарақат алу жағдайлары жиі тіркелетін учаскелерді анықтағанын жеткізді.

«Жарақаттанудың негізгі себебі ретінде зардап шеккен адамдар теміржол арқылы өту ережелерін елемейтінін атап өткен жөн. Жаяу жүргіншілер асығыстық танытып, музыка тыңдап, қауіпті учаскелер туралы ескерту белгілеріне мән бермейді. Осының салдарынан келе жатқан локомотивтердің ескерту дыбыстарын да естімейді», - деді Ниязбек Жаңабаев теміржол нысандарында жарақаттанудың алдын алу мәселелеріне арналған брифингіде.

Оның айтуынша, 2022 жылғы 4 айда адамдарды қағып кетудің 25 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 13-і өліммен аяқталып, 12 адам жарақат алды. 5 жағдайда зардап шеккендер мас күйінде болған.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ пойыздардың қарқынды қозғалысы бар 18 учаскені анықтады. Онда адамдардың жарақаттану жағдайлары жиі тіркеледі. Осы орайда Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Семей, Жамбыл, Қарағанды өңірлерінің станциялары мен аралықтарын атап өткен жөн», - деді компания өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, қауіпті учаскелерде машинистер пойыздар жылдамдығын азайта отырып, барынша абайлап басқарады. Алайда пойыздың тежеу қашықтығы, яғни тіпті баяу жылдамдықпен жүргеннің өзінде 800-1000 метрге жетеді.


Соңғы жаңалықтар