Биыл елімізде газ тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге жетеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде газ тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге жетеді. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді. Демографиялық өсуді, жыл сайын өнеркәсіптік объектілердің іске қосылуын және жеке секторды газдандыруды ескерсек, Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Егер 2020 жылы газ тұтыну көлемі шамамен 17 млрд текше метрді құраса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19 млрд, ал биыл 20 млрд текше метр болады деп күтіліп отыр», - деді ол Үкімет отырысында.

Осы ретте Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60 пайыз деңгейіне жеткізу жөнінде міндет қойғанын еске салды.

«Жалпы 1800-ден астам елді мекенге газ тартылуы тиіс. 11,8 млн астам қазақстандық «көгілдір отынға» қол жеткізуі керек. Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, ҚазМұнайГаз және QazaqGaz компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауы тиіс», - деді Премьер-Министр.

Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар