Биыл елімізде азық-түліктің қай түрі қымбаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бәсекелесті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің қымбаттауына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасының өсуі 7,5 %-ды құрайды (2020 жылы 5,6%-ды құрайды). Биылғы жартыжылдықта негізгі баға өсімі 5 бағыттан тұрады. Атап айтқанда, көкөністер (картоп, сәбіз), күнбағыс майы, қант, қарақұмық және жұмыртқа. Соңғы 2 айда көкөністер бағасының өсуі байқалды, оның ішінде картоп 69,1%, сәбіз 73,4%-ға өскен», - делінген С. Жұманғариннің депутат сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, тауар нарығындағы бірқатар міндеттемелер бағаның өсуіне айтарлықтай әсер еткен.

- Жұмыртқа өндірісі нарығы. 2020 жылы тауықтардың қырылуынан (2,6 млн тауық) өндіріс азайды. Жем-шөптің қымбаттауы. Жұмыртқа бағасының өсірмеуге арналған қаржының уақытылы бөлінбеуі. Жұмыртқа өндірісіне арналған субсидияның 50%-ға қысқартылыуы. Салдарынан жұмыртқа өндірісімен шұғылданатын 34 ірі құс фабрикасының 5-і өз қызметін тоқтатты;

- Қарақұмық өндірісі нарығы. Өткен жылы 2019 жылмен салыстырғанда елімізде қарақұмық өндірісі 11%-ға қысқарды. Қарақұмық егіс көлемі 99 245,4 гектардан 57 917,6 гектарға азайды (немесе 41,6 %);

- Қант өндірісі нарығы. Өндірістің 30%-ға қысқаруы мен импорт үлесінің 66%-ға артуы. Қант қызылшасын егу көлемінің 17 мың гектардан 15,2 гектарға азаюы. Ресей және Белорусь елі жеткізушілерінің бағаны өсіруі.

- Күнбағыс майы нарығы. Шикізат бағасының өсуі мен импорт үлесінің 30%-ға артуы.

- Жеміс-жидек, көкөністер нарығы. Өнімді сақтау орындарының жетіспеуі. Сәйкесінше қордағы жеміс-жидек, көкөністер бұзылып, салдарынан жыл сайын маусым айында бағаның өсуіне алып келеді. Агенттікте айтылғандай, 2019 жылы картоп өндірісі 3,9 млн тоннаны құраса, өткен жылы 4 млн тоннаны құрады. Ішкі нарықты қамтамасыз ету 100%-ды құрайды.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуінің тағы бір себебі - импортқа тәуелділік. Яғни әлеуметтік маңызы бар тауарларды тұтыну көлемі импорттың есебінен жабылады. Оның үстіне әлемдік тауар өндірісінің бағасы 30%-ға өсті. Бізде дайын өнім ғана емес, шикізатта импортталады. Олай дейтінім, шикізаттың да бағасы қымбаттады, айтар болсақ, күнбағыстың бағасы 2 есеге өсті», - дейді Серік Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар