Биыл елімізде 45 отбасын қолдау орталығы ашылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін ел көлемінде қиындыққа тап болған және отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан әйелдер мен олардың балаларына арналған қолдау орталықтары ашылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Динара Закиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жиында қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсету орталықтарын ашу мәселесі көтеріліп отыр. Ол орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. 2025 жылға дейін елімізде 234 отбасын қолдау орталығын құру жоспары тұр. Қазіргі елдегі жағдай бұндай орталықтың ауадай керектігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Біздегі ақпаратқа сәйкес бүгінде 1 млн 45 мың отбасы дағдарыс жағдайында. Олар түрлі бағыттағы қолдауды қажет етеді», - деді Динара Закиева.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты орталыққа келген азаматтармен профилактикалық шара жүргізу арқылы отбасылық кикілжіңнің алдын алу мүмкіндігінің барын айтты.

«Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес отбасылық кикілжіңнің 60 пайыздан астамы нашар тұрмыс және ішімдік ішу салдарынан туындайды. Сонымен қатар ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 1022 қылмыстық іс тіркелген. Күніне шамамен 145 адам отбасында түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылыққа тап болады. Өткен жылы өзгенің құқығына қол сұқпау туралы 81 мың ұйғарым алынды. Осы орайда Қазақстанда отбасында зорлық-зомбылық көрген азаматтар мен олардың балаларын қорғап, қолдау көрсететін орталық әбден қажет. Орталық негізінен әйелдер мен балаларға арналады. Ол жерде кешенді қолдау ұсынылады. Сол сияқты жағдай реттелгенше тұрады. Биыл жоспар бойынша 45 орталық ашылуы тиіс», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ел көлемінде 31 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, бүгін елордада «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті.


Соңғы жаңалықтар