Биыл елімізде 45 отбасын қолдау орталығы ашылады
2022 жылғы 24 маусым 19:52

Биыл елімізде 45 отбасын қолдау орталығы ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін ел көлемінде қиындыққа тап болған және отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан әйелдер мен олардың балаларына арналған қолдау орталықтары ашылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Динара Закиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жиында қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсету орталықтарын ашу мәселесі көтеріліп отыр. Ол орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. 2025 жылға дейін елімізде 234 отбасын қолдау орталығын құру жоспары тұр. Қазіргі елдегі жағдай бұндай орталықтың ауадай керектігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Біздегі ақпаратқа сәйкес бүгінде 1 млн 45 мың отбасы дағдарыс жағдайында. Олар түрлі бағыттағы қолдауды қажет етеді», - деді Динара Закиева.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты орталыққа келген азаматтармен профилактикалық шара жүргізу арқылы отбасылық кикілжіңнің алдын алу мүмкіндігінің барын айтты.

«Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес отбасылық кикілжіңнің 60 пайыздан астамы нашар тұрмыс және ішімдік ішу салдарынан туындайды. Сонымен қатар ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 1022 қылмыстық іс тіркелген. Күніне шамамен 145 адам отбасында түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылыққа тап болады. Өткен жылы өзгенің құқығына қол сұқпау туралы 81 мың ұйғарым алынды. Осы орайда Қазақстанда отбасында зорлық-зомбылық көрген азаматтар мен олардың балаларын қорғап, қолдау көрсететін орталық әбден қажет. Орталық негізінен әйелдер мен балаларға арналады. Ол жерде кешенді қолдау ұсынылады. Сол сияқты жағдай реттелгенше тұрады. Биыл жоспар бойынша 45 орталық ашылуы тиіс», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ел көлемінде 31 дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, бүгін елордада «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті.


Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанда некені тіркеу мерзімі қысқартылады
2022 жылғы 5 тамыз 13:59

Қазақстанда некені тіркеу мерзімі қысқартылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда некені тіркеу мерзімі екі есе қысқартылады. Мұндай жаңашылдық ҚР Әділет министрлігінің жаңа бұйрығында көзделген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің осы жылдың 28 шілдесінде қол қойылған бұйрығына сәйкес, некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісімі бойынша тіркеуші орган некені тіркеу күнін тағайындайды. Бұл туралы өтініште, сондай-ақ өтініштерді есепке алу журналында белгі қойылады.

Неке бірлескен өтініш берілгеннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін күнтізбелік он бесінші күні тіркеледі. Егер мерзімнің аяқталуы жұмыс күніне тура келмесе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.

Дегенмен, тіркеуші орган бастығының шешімімен неке келесі жағдайларда 15 күнге дейін қиылуы мүмкін: жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар. Барлығы құжат жүзінде расталуы тиіс.

Тіркеуші орган бастығы некеге тұру мерзімін ұзарта да алады. Бірақ ол күнтізбелік он бес күннен аспауға тиіс.

«Жекелеген жағдайларда неке қиюды мемлекеттік тiркеудi күту мерзiмi неке қиюды мемлекеттік тiркеуге кедергi келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның бастамасы бойынша ұзартылуы мүмкiн. Күнтізбелік он бес күнді қысқарту туралы немесе ұлғайту туралы рұқсатты тіркеуші органның бастығы, ал ол болмаған кезде оның мiндетiн атқарушы адам неке қию туралы өтінішке қарар түрінде бередi», - делінген құжатта.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері марапатталды
2022 жылғы 5 тамыз 07:42

Астанада «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері марапатталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Биыл конкурсқа қатысуға 151 отбасы құжат тапсырды (2019 жылы – 63, 2021 жылы – 120).

Іс-шара кезінде көрермен қауым әр жанұяның өмірбаянымен танысты. Экранда отбасылар жайлы бейнематериалдар көрсетілді.

Жеңімпаз отбасылар: ІІІ орын Айтқұловтар және Жүнісбековтер отбасы. ІІ орын Әуеловтер және Олжабаевтар отбасы. І орын Сағитовтар әулеті.

Сағитовтар әулеті бүгінде 3 қыз, 3 ұл тәрбилеп отыр. Отағасы Дулат Сағитов 45 жаста. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында жұмыс істейді. Аналары Айнагүл Сағитова 40 жаста. Қыздарының бәрі республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Олардың бірі көркем гимнастикадан 1-разрядқа ие. Үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық карьерасын бастаған.

Сондай-ақ 10 әулет түрлі номинация бойынша үздік деп танылды:

«Үлгілі отбасы» номинациясы – Нұрғалиевтар отбасы;
«Өнегелі отбасы» номинациясы – Айтқожиндер отбасы;
«Қайырымды отбасы» номинациясы – Құсайыновтар отбасы;
«Дарынды отбасы» номинациясы– Ержұмановтар отбасы;
«Шығармашыл отбасы» номинациясы – Пташинскийлер отбасы.

«Жас отбасы» номинациясы– Әуезовтер отбасы;

«Берекелі отбасы» номинациясы – Серікбаевтар отбасы;
«Салауатты отбасы» номинациясы – Рузахуновтар отбасы;
«Қайсар отбасы» номинациясы – Бұзауовтар отбасы;
«Ұлағатты отбасы» номинациясы – Жақыповтар отбасы.

«Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын», – деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.


Фото: Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі







Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT