Биыл елімізде 26 тауар нарығында талдау жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 26 тауар нарығында, оның ішінде негізгі тұтыну нарықтарында талдау жүргізуді белгіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында аталған агенттіктің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Хабарламаны орындамау фактісі бойынша «ЕТС тауар биржасының» сауда алаңын ұйымдастырушысына қатысты тергеу жүргізілуде. Бас прокуратура Агенттік қызметкерлерімен бірлесе отырып, нарықтың 102 субъектісіне қатысты, оның ішінде сауда-саттықты ұйымдастырушыларға қатысты тексерулер бастады. Қосымша, «жедел желі» бойынша алынған шағымдар аясында Агенттік Яндекс такси агрегаторына қатысты экономикалық қызметті үйлестіру белгілері бойынша тергеп-тексеру тағайындады», - деді С. Жұманғарин.

Оның айтуынша, инфляцияға қарсы жұмысты одан әрі жүзеге асыру мақсатында Агенттік монополияға қарсы шараларды, атап айтқанда талдаулар жүргізу, монополияға қарсы комплаенс қорытындысы, хабарламалар, нұсқамалар шығару және тергеулер тағайындауды жалғастыратын болады.

«2022 жылға Агенттік 26 тауар нарығында, оның ішінде негізгі тұтыну нарықтарында талдау жүргізуді белгіледі. Осы орайда көмір, электр энергиясы, мұнай өнімдері, тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізу, коммуналдық қызметтерді есепке алу құралдарын орнату, короновирус инфекциясы диагностикасын бойынша ПТР жүргізу жөніндегі қызметтер, дәрілік заттар, жолаушыларды әуе көлігімен тұрақты ішкі тасымалдау, байланыс және басқалары қамтылады», - деді агенттік басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күн сайын сұйытылған мұнай газының өткізу бағаларына мониторинг жүргізіледі.

Сонымен қатар , көп жағдайда тауарлардың бағасын бөлшек сауда субъектілері көтереді, атап айтқанда «үйдің жанындағы дүкендер». Осы дүкендер көбіне 15 %-дық сауда үстемесін сақтамайды.



Соңғы жаңалықтар